Жаңалықтар

Сайлау-2022: кандидаттардың 80 минуттық дебаты үшін «Хабарға» 63 млн теңге бөлінеді

Сайлау-2022: кандидаттардың 80 минуттық дебаты үшін «Хабарға» 63 млн теңге бөлінеді

Президенттікке кандидаттардың 80 минуттық дебатын өткізу үшін «Хабар» агенттігіне 63 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы 8 қарашада Орталық сайлау комиссиясы арнаулы брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Азаттық радиосына сілтеме жасап. ОСК өкілдерінің айтуынша, дебатқа Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге кандидаттардың бәрі: Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбековалар қатысады. Дебат 11 қарашада «Хабар» арнасында болады. ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова Тоқаевтың орнына дебатқа мәжіліс спикері Ерлан Қошанов келетінін айтты. Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы кезектен тыс өткен сайлау кезінде де тікелей эфир дебатына қатыспаған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та президент сайлау кезіндегі дебаттарға ешқашан қатысқан емес. Журналистер Орталық сайлау комиссиясына «Дебатқа кандидаттың өзі қатыспауына бола ма?» деген сауал қойған. ОСК бұл сұраққа «кандидаттың өзінің дебатқа қатыспағаны заңға қайшы емес» деп жауап берді. «Хабар» агенттігінің өкілі Дәулетхан Жиенқұловтың сөзінше, дебатқа қатысушыларға тікелей эфирде сұрақ қойылмайды. ОСК мүшесі Мұхтар Ерман таратқан мәліметке қарағанда, кезектен тыс президент сайлауды бақылауға бүгінге дейін 4 халықаралық ұйымнан 110 байқаушы аккредитация сұраған.
«ТМД 55 байқаушы, ТМД парламент аралық ассамблеясы 34 байқаушы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы 19 байқаушы, Түркі мемлекеттері ұйымы 2 байқаушы, 14 шет мемлекет 24 байқаушыны аккредитациядан өткізуді ұсынды. Ирак, Италия, Латвия, Өзбекстан, Сербия, Финляндия және Ұлыбритания екі байқаушы, Армения, Қырғызстан, Литва, Польша, Тайланд және Венгрия бір байқаушы, Ресей 4 байқаушы жіберіп отыр», - деді ол.
Мұхтар Ерманның сөзінше, бүгінге дейін барлығы 271 байқаушы аккредитациядан өткен.