«Дұға етуді сұраймыз»: WBA Ербосынұлына қатысты ресми мәлімдеме жасады
«Дұға етуді сұраймыз»: WBA Ербосынұлына қатысты ресми мәлімдеме жасады
Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлына қатысты ресми мәлімдеме жасады деп хабарлады Taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
6 қарашада Ербосынұлы кубалық Дэвид Моррельге қарсы жекпе-жекте нокаутпен жеңілді. Оны зембілмен алып кетті. Ал ауруханада боксшы комаға түсті. Ол супер орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасқан болатын.
«Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) өткен сенбі күні Дэвид Моррельге қарсы жекпе-жектен кейін Миннесота ауруханасына жеткізілген Айдос Ербосынұлына қатысты жағдайды жіті бақылап отыр. Қазақстан боксшысы кубалыққа қарсы ауыр жекпе-жек өткізіп, 12-раундта нокаутпен ұтылды. Ол жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салды», - делінген ресми мәлімдемеде.Осы орайда ұйым мамандары Suleymen Promotions компаниясы таратқан ақпаратқа да тоқталды. Оған сәйкес, спортшының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оны дәрігерлер де растап отыр.
«Айдос екі аптадай дәрігерлердің бақылауында болады. Қазіргі кезде командасы оның отбасына және жеке өміріне құрметпен қарауды сұрайды. WBA жағдайды ары қарай бақылайды және Ербосынұлы тез сауығады деп сенеді. Бұдан бөлек, бүкіл бокс әлемінен ол үшін дұға етуді сұраймыз», - дейді қауымдастық өкілдері.