Уақытты басқарудың әртүрлі бағыттары
Уақытты басқарудың әртүрлі бағыттары
Қазіргі таңда көп адамдардың басты мәселесі – уақытты тиімді пайдалана алмауы. Соның салдарынан көп адамдар өз мақсаттарына жете алмай жатады, жетсе де, көп уақыты мен энергиясын жоғалтып алып жатады. Кей адамдар өздеріне ұнайтын іспен айналысу үшін арнайы жоспарлар құрады, алайда соңында тағы да ол жоспарлары іске аспай қалады. Неге? Себебі, тағы да сол уақыттың тапшылығынан немесе уақытты басқара алмаудың себебінен.Уақытты басқару білу - тиімділіктің кілті. Бұл қабілеттің тағы бір заманауи атауы жастар арасында қазіргі таңда«тайм-менеджмент» деген атымен танымал.
Басқару психологиясында уақытты басқаруға ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің 1 курс магистранттары Жубаназарова Назираш Сулейменовнаның «Басқару психологиясы» пәнінде ашық әңгіме-талқы жүргіздік. Дәл осы пәнді игеруде адам өмірінде туындайтын көптеген сауалдардың шешімін таба аламыз. Оның бірі – уақытты басқару қабілеті. Пән оқытушысы Н.Жубаназарова уақытты басқару тақырыбында әртүрлі теориялар және әдістерді үйретті. Нәтижесінде, уақытты сауатты түрде басқару көптеген мәселелерімізді шеше алатын болып шықты: 1. Шешім қабылдау үшін көп уақыт жұмсамауды; 2. Жұмыстың дұрыс орындалмауқаупін азайтуды;3. Шамадан тыс шаршаудан аулақ болуды; 4. Демалыс уақытын дұрыс құруды; 5. Барлық қажетті істерді белгіленген мерзімінде орындауды және т. б.
Уақытты басқару жайлы ресейлік психолог Алексей Столяренко өзінің «Басқару психологиясы» еңбегінде талдап өтеді. Оның айтуынша, әрбір адам өзінің күнін бастамас бұрын, ең алдымен өзіне қандай істерді бітіруі керек екенін білуі қажет. Ол істерді белгілеп алған соң, оларды маңызды және маңызы аз істер деп бөлу қажет. Осылайша, сіз өзіңізге ең маңызды істерді екінші деңгейдегі істерден ажыратып аласыз. Одан бөлек, А.Столяренко уақытымызды зая кетіріп алмауымыз үшін біздің уақытымызды босқа алатын адамдардан арылғанымыз жөн екенін айтады. Онымен қоса, егер сізде кішкентай болсын бос уақыт пайда болса, оның өзін пайдаңызға асырып жұмсауыңыз қажет. Бүгін бітіре алатын ісіңізді ешқашан да кейінге қалдырмағаныңыз да жөн. А.Столяренконың бұл кеңестерін біз жұмыста пайдалана аламыз. Алайда, біздің уақытты басқаруымыз тек біздің жұмысымызбен байланысты емес. Ол біздің жеке міндеттерімізді де дұрыс жоспарлай алуға көмектеседі. Мысалы, үй жинау, бала күту, хобби секілді істер.
Уақытты басқаруға кедергі болатын көптеген факторлар болуы мүмкін. Олар: мотивацияның жеткіліксіз деңгейі, істерді орындау кезіндегі жауапкершіліктің аздығы, ойыңызды бөлетін факторлардың болуы (әлеуметтік желілер, теледидар), т.б.
Уақытты тиімді пайдалану үшін жоспардағы істерімізді жазып жүру әдісіұсынылады. Егер жоспарланған істер көп болса, оларды ұмытпауымыз керек. Ал ұмытпас үшін ең тиімді бірден бір фактор – ол жазу.
Жоспарланған істер жазылғаннан кейін оларды маңыздылық деңгейіне қарай бөлу керек.Бұл үшін бірнеше әдіс бар.Осы орайда, сіздерге «Кови Матрицасы» әдісін ұсынамыз. Матрица барлық істерімізді төрт топқа бөлуді қамтиды:
1. Маңызды және шұғыл істер;
2. Маңызды, бірақ мерзімі жоқ істер;
3. Маңызды емес, бірақ шұғыл істер;
4. Маңызды емес және мерзімсіз істер. Біз өз істерімізді, тиісінше, маңызды және шұғыл істерден маңызды емес және шұғыл емес істерге біртіндеп көшіруіміз керек.
Қорытындылай келе, адамның өзін басқаруы үшін бірден бір маңызды аспектілердің бірі, ол – адамның өз уақытын басқара алуы екен. Егер де сіз өміріңізді жақсы жаққа қарай өзгертіп, көп жетістікке жеткіңіз келсе, онда ең алдымен уақытыңызды тиімді пайдаланып үйренуіңіз керек. Ал уақытты басқаруды бізге үйретуде басқару психологиясының маңызы өте зор.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасы
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Садыкова Н.М.
жалпы және қолданбалы психология
кафедрасының психология ғылымдарының кандидаты, доцент
Байсариева Д.Ғ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
шетел филологиясымамандығының 1-курс магистранты