Жаңалықтар

Жәрдемақыдан да бас тартқан: Қостанайда бірден он бала асырап алған отбасы тұрады

Жәрдемақыдан да бас тартқан: Қостанайда бірден он бала асырап алған отбасы тұрады

Қостанай облысында ерлі-зайыпты Садықовтар отыз жыл бұрын балалар үйінен 10 нәрестені асырап алған. Қазір олар шаңырақ көтеріп, бір-бір отбасы болып отыр. Садықовтар асырап алған он баланың тоғызының биологиялық анасы табылған. Тек кенжесі ғана туған анасын іздеп жүр. Бұл туралы «Жібек жолы» арнасының «Ел» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.

31 жыл бұрын...

Нұрлан мен Қарлыға Садықовтар 1985 жылы отбасын құрған. 1998 жылға дейін Арқалық қаласында тұрған ерлі-зайыпты екі ұлды тәрбиелеп отырады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында қыз асырап алу үшін балалар үйіне барған. Ал ол жерде 6 қыз, 4 ұл бала болған. Бір-бірінен бөлгісі келмей, отбасы он баланы бірден асырап алады. Қарапайым отбасы мемлекет тарапынан көмек алмаған, тіпті жәрдемақыдан да бас тартқан. 10 баланың да туған күнін бірінші қыркүйек деп жаздырып, Қостанай қаласындағы мектептің 1-сыныбына да бәрі бірге барады. Ыбырай Алтынсарын атындағы мектеп-интернатында бір отбасының балаларына арнап қазақ сыныбы ашылған. Отбасы балаларды асырап алған кезде баспанасы болмаған. Бастапқыда Нұрлан Садықовтың інісінің үйінде тұрған. Араға бір жыл салып баспаналы болып, Қостанай облысының Заречный ауылына көшкен. Содан бері осы ауылда тұрып жатыр. Нұрлан мен Қарлыға Садықовтар он баланы да оқу орнының ақылы бөлімінде оқытып, барлығы дипломы бар маман болып шықты. Қазір ұл-қызының бірі кәсіпкер, енді бірі мектепте сабақ береді. Барлығы отбасын құрып, Садықовтар 25 немере сүйіп отыр.

Туған анасын іздейді

Нұрлан мен Қарлыға Садықовтар асырап алған он баланың тоғызының биологиялық анасын табуға көмектескен. Тек кенжесі Ермектің туған анасы әлі күнге дейін табылмаған. Олар «Ел» бағдарламасынан көмек сұрады. Ермек қазір кәсіппен айналысады. Биологиялық анасы табылса, алғыс айтқысы келеді. Телеарна журналистік зерттеу жүргізіп, архивтегі материалдарды қарады. Іздестіру шараларын жүргізіп, Ермекке қатысты мәліметтерге сәйкес келген әйелді Алматыға алдыртып, ДНҚ да жасатты. Келесі хабарлардың бірі тағы да Ермекке арналады. Іздеу жұмыстары әлі де жалғасады. Айта кетейік, отбасының кенжесі Ермек өзін бауырына басқан Нұрлан мен Қарлыға Садықовтарға жақында көлік сыйлады.