Жаңалықтар

Атырауда 10 адам газдан уланды, арасында 5 бала бар

Атырауда 10 адам газдан уланды, арасында 5 бала бар

Атырау облысында жыл басынан бері табиғи газдан 10 адам уланып, біреуі көз жұмған. Уланғандардың арасында 5 бала бар. Бұл туралы Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ғабит Бабаев мәлімдеді.  Табиғи газдан улану дерегі тұрғын үй секторында тіркелген.
«Облыс тұрғындары арасында оқыс оқиғалардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға байланысты үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, тұрғын үй секторында табиғи газдан улану дерегі қайталанып отыр. Биылғы жыл басынан бері Атырау облысында табиғи газдан 10 адам уланып, 1 адам қайтыс болды. Облыстық ауруханаға дәрігерлік көмек алуға жүгінгендердің арасында кәмелетке толмаған 5 бала бар», - дейді Ғабит Бабаев. «Осы кезге дейін жеке сектордағы 85 үйге дабыл қаққыш датчик орнатылды. Мұндай датчик көмірқышқыл газы анықталған кезде жарық пен дыбыстық белгі береді. Үй иелері жылыту қазандығында ақау болмауы үшін уақытылы тексеріп, түтін мұржаларын жиі тазалап тұруы қажет. Сонда ғана өкінішке ұрындыратын оқыс оқиғаның алдын алуға болады», - деп мәлім етті Ғабит Бабаев.

Taulik.kz