Жаңалықтар

Венгрияда жоғалып кеткен қазақ жігітінің түрмеде отырғаны белгілі болды

Венгрияда жоғалып кеткен қазақ жігітінің түрмеде отырғаны белгілі болды

Сыртқы істер министрлігі өкілдері Венгрияда белгісіз жағдайда жоғалып кеткен 27 жастағы қазақстандық Қанатбек Өтебек сотталып, жергілікті түрмеде отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Taulik.kz. Оны венгр тәртіп сақшылары 10 тамызда қолға түсіріп, заңсыз көші-қон ұйымдастырды және оған қатысты деген айып тағылған.
«Сексард қаласының соты оны араб мемлекеттерінен келген жеті мигрантты венгр-сербия шекарасынан заңсыз өткізгені үшін кінәлі деп таныды. Сот бұл азаматты үш жыл үш айға бас бостандығынан айырды. Апелляциялық шағым түсірілді», - деді министрдің орынбасары Әділ Тұрсынов.
Оның айтуынша, Венгрия заңына сәйкес Өтебекке аудармашысы бар тегін мемлекеттік адвокат берілген. Қазір ол Сомбатхей қаласындағы мемлекеттік түрмеде отыр. Қазіргі уақытта екінші инстанциядағы сот болады деп күтіліп жатыр.
«Қазақстан Елшілігі оның туыстарына онымен байланысатын, Skype арқылы сөйлестіретін өтінішті толтыруға көмектесті. Сондай-ақ, тұтқынға байланыстағы тұлғадан ақша аударымдарын алу құқығы берілді. Жақын туыстарының өтініші бойынша елшілік орыс тілін білетін жеке қорғаушы беру туралы келіссөз жүргізіп жатыр», - деп қосты Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.