Жаңалықтар

Алматы – армандардың қаласы еді

Алматы – армандардың қаласы еді

Алматы – талай ақынның тамсана жырлаған жалынды жырына, қаншама әуезді әндердің сиқырлы сазына арқау болған әсем қала еді. Әйтсе де, соңғы кездері бұл қаланы да белгісіз бір мұң басып алғандай. (Бәлкім кешегі «қасіретті Қаңтар» оқиғасының да әсері болар). Әне бір жылдары баспасөз беттерінде «Алматының ағаштары қартайып барады» деген тақырыпта мақалалар жарияланып, дабыл қағылғандай болып еді. Оны кейін қатты соққан дауылды жел мен қалың жауған қар да дәлелдегендей болған. Кәрі ағаштардың құлағанынан көп адамдардың майып болып, көліктерді басып қалғанын да көріп жүрміз. Одан бөлек Алматының мегаполистік аумағы кеңейгенімен, керісінше шеткі аудандарының үлкен ауылдарға айналып бара жатқаны да жасырын емес. Сол шеткі аудандардың кейбірінде жарық, газ, ауыз су, жол мәселелері әлі күнге шешімін таппай келеді. Тауды бөктерлей талан-таражға түсіп жатқан жерлер, құрылыс нысандары үшін түбінен кесіліп тегістеліп жатқан бау-бақшалар, күннен күнге көбейіп бара жатқан көлік кептелісі мен ауаның мөлшерден тыс ластануы, т.б. мәселелер. Осының бәрі де елді алаңдатып отырған өзекті дүниелер. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сәрсенбінің сәтті күні Алматыға жасаған сапарында қаланың бүгіні мен болашағына кеңінен тоқтала келе былай деді:
«Алматының тарихи орталығы – өмір сүру үшін аса қолайлы жер. Қажетті нәрсенің бәрі жақын жерде орналасқан. Алайда орталықтың өзіне тән түйткілдері бар. Атап айтқанда, коммуналдық жүйе тозып барады. Ғимараттар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп.
Сондай-ақ шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отыр. Әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орындар аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз. Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою. Қала – бәріне ортақ. Сондықтан қаланың игіліктері де барлық тұрғындарға бірдей қолжетімді болуға тиіс». Алдағы уақытта осы айтылған дүниелер өз шешімін табатын болса, Алматыдай алып қаламыздың ажары жайнап, атағының аспандай берері анық. Ол үшін біз алдағы президент сайлауында өз таңдауымызды дұрыс жасай білуіміз керек.

Әлібек Шегебай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, журналистика факультетінің оқытушысы