“Біздің жұмысымызда қол жеткен генетикалық деректер Ашина әулетінің Еуразияның солтүстік-шығыс өлкесінен, нақтырақ айтқанда, бүгінгі Солтүстік-шығыс Қытайдан Ресейдің Байқал өңіріне дейінгі аймақтан шыққанын нақтылайды. Сонымен қатар, Ашиналар генетикалық тұрғыдан кейінгі темір дәуірінде өмір сүрген тұнғыс және көшпенді моңғол халықтарына, мысалы, жужан, сяньби, қытан және мохэ тайпаларына көбірек жақын да, керісінше, түркі халықтарымен айтарлықтай айырмашылыққа ие, бұл Түрк қағанатының құрамының көптүрлілігін көрсетеді. Сондай-ақ, Ашина әулетінің қазіргі түркітілдес халықтардың генетикалық әр алуандығына қосқан үлесі өте шектеулі, бұл тағы бір қырынан түркілену үдерісі популяциялық кеңеюдің емес, мәдени диффузия моделінің нәтижесі екенін көрсетеді”,– дейді Вэнь Шаоцин.Қытай жылнамаларына сүйенсек, 565 жылы Солтүстік Чжоу әулеті 120 адамнан құралған елшілік жасақтап, уағда бойынша түрік ханшайымын алып келуге аттандырады. Бірақ, Солтүстік Ци әулетінің елшілері олардан бұрын жетіп үлгеріп, ханшайымға құда түседі. Мұқан қаған екі тараптың да елшілерін қайтармай ұстап қалады. Ұзақ келіссөздерден кейін, 568 жылы наурызда Мұқан қағанның он төрт жастағы қызы Солтүстік Чжоу әулетінің сарайына келін болып түседі, император У-ди оны салтанатты түрде қарсы алып, Ашина патшайым деген атақ береді. Қытай деректері бойынша, Ашина патшайым бет біткеннің сұлуы еді, сондықтан, император оны айрықша ұнатып, әрдайым сыйлап, құрметтеп отырады. Оның Қытай сарайындағы мәртебесі өте жоғары болады, Шах-ана, Шах-әже деген құрметті атақтары соның дәлелі.
Taulik.kz