Тоқаев ҚР-ның Президенті ретінде ант беріп, ұлықтау рәсіміне қатысты
Тоқаев ҚР-ның Президенті ретінде ант беріп, ұлықтау рәсіміне қатысты
Бүгін Қазақстан республикасының Президенті ретінде әрі алдағы 7 жылда мемлекет басшы ретінде өзіне жүктелген міндетті атқару үшін Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлын ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Taulik.kz.
Аталған шараға республика бойынша түрлі мемлекеттік деңгейдегі қызметкерлер, министрлер, жастар қатысты. Одан бөлек шараға Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтар алдында ант беріп, сөз сөйледі.
«Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті. Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ, өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді. Біз реформаларды соңына дейін міндетті түрде жеткізуіміз қажет. Конституцияның жаңа талабына сәйкес, бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл сенемін», - деді Президент.