Министрлік мәлімдеме жасады: Әйелдер зейнетке 58 жастан шыға ма?
Министрлік мәлімдеме жасады: Әйелдер зейнетке 58 жастан шыға ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан президенттің Жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетілетіні, сондай-ақ Қазақстанда 13-ші зейнетақы төлемін енгізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған шешіміне сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдер үшін зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен арттыру 5 жыл мерзімге 61 жас деңгейінде тоқтатылады. Зейнетақы төлемдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру базалық және ынтымақты зейнетақы, сондай-ақ азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарын аудару есебінен қалыптастырылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер арқылы жүзеге асырылады.
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 268 мың адам.
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық және ынтымақты зейнетақы) 108 993 теңгені құрады (БЖЗҚ төлемдерін есепке алмағанда).
Министрлік азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұрайды.