Ким Чен Ын халыққа ықтимал мұрагерін көрсетті
Ким Чен Ын халыққа ықтимал мұрагерін көрсетті
Солтүстік Корея әлемдегі ең қуатты ядролық держава болуы тиіс. 27 қарашада әскер мен ғалымдарға жолдау жасаған Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын осылай деп мәлімдеді. Ол 18 қарашада құрлықаралық баллистикалық «Хвасон-17» зымыранын ұшыруға қатысқан мамандарды марапаттауды ұсынды, деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Ким Чен Ын АҚШ аумағына дейін жетіп, «Американың ядролық қатеріне тойтарыс бере алатын» «Хвасон-17» зымыраны сынағына үлкен үміт артады. Ол «Хвасон-17»-ні әлемдегі ең қуатты стратегиялық қару деп атады.
Зымыран сынағына Ким Чен Ын әйелі мен 12 жастағы қызын ертіп келді. Ақпарат құралдары оның аты-жөнін атамады. Ким Чен Ын алғаш рет қызымен бірге жұрт алдына шықты. Солтүстік Кореяда билік мұрагерлікпен берілетіндіктен, сарапшылар Ким Чен Ын осылайша көпке өзінің ықтимал мұрагерін көрсетті деп санайды.
АҚШ 21 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, Солтүстік Кореяның ядролық сынағын талқылауды талап еткен. Ким Чен Ынның әпкесі, Солтүстік Кореяның еңбек партиясы орталық комитеті жетекшісінің орынбасары Ким Е Чжон БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін «екіжүзді саясат жүргізеді» деп айыптады.