Жаңалықтар

Алматыда үш күн бойы тұрғындар жылусыз, сусыз отыр

Алматыда үш күн бойы тұрғындар жылусыз, сусыз отыр

Алматы облысында көпқабатты үйдің тұрғындары үш күн бойы жылу мен ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды КТК арнасы. Қараша айының аязында тоңған жұрт пәтерде қат-қабат қалың киіммен жүр. Олар әкімдіктегілердің бейқамдығынан судан тарығып, суық үйде шетімізден ауырып жатырмыз деп шағымданды. Күнипә әжейдің қат-қабат қалың киініп қымтанып жүргеніне үшінші күн. Жылудың жоқтығынан төрт бөлмелі пәтер азынап тұр. Бала-шағасын түгел туысының үйіне жіберген зейнеткер тастай суық үйде жылына алмай берекесі қашқан.
“Үйім елге қарағанда бір бөлме емес, төрт бөлме. Аңырап кетті. Сегіз балам, он бес немерем, бес шөберем бар. Барлығын жанжаққа таратып жібердім. Киіммен де жаурап ұйықтай алмадық. Жанымыз күйзеліп кетті. Қазір зорға сөйлеп тұрмын. Үйден гөрі, дала жылы болып тұр”, – дейді Жалпақсай ауылының тұрғыны Күнипә Әбитова.
Жалпақсай ауылындағы үш қабатты үй тұрғындары екібастұздықтардың күйін кештік деп кейіді. Баспанасында бүрсеңдеп тоңған бұқараға судың да тоқтатылғаны жығылғанға жұдырық болған. “Өте қиын. Өзіміз жоғарғы жаққа су тасимыз. Дәретхана жағын мүлдем айтпайақ қояйын. Үш бала бар. Үлкен кісілер. Үш күннен бері осылай. Дәретханаға бармас үшін дұрыс тамақ іше алмайтын болдық. Далада тұрмыз. Таңнан кешке дейін далада жүрміз, осылай, торуылдап”, – дейді Жалпақсай ауылының тұрғыны Әнел Срайылова,. Жарты ғасыр бұрын салынған ескі көпқабатты үйге су елдімекендегі мұнарадан келеді. Бірақ өткен аптада ұңғымадан ақау шығып, тұрғындар ауызсусыз қалған. Сол сәтте халық жылудан да ажыраған. Әкімдіктегілердің бейқамдығынан қарашаның аязында бала-шаға шетінен ауырып жатқаны ауыл ағайынының жанына батып отыр. “Кішкентай балалар көп. Бәрі ауырып жатыр. Жылытқыш сатып алдық. Достарымыз әкеп берді. Облыс әкімдігіне жаздық, аудан әкімдігіне, Қарасай ауданы тұрғын үй коммуналдықшаруашылығына да жаздық. Прокуратураға да жаздық. Бір адам келмеді”, – дейді Жалпақсай ауылының тұрғыны Римма Әбитова. Ұмтыл ауы округінің әкімі бүрсең қағып жаураған тұрғындардың жанайқайын "тыңдап кел" деп орынбасарын жіберіпті. Шенеунік аязда жарылған құбырды кешке дейін жөндеп, жұртты жылумен де, сумен де қарық қыламыз деп ант-су ішті. “Су ұңғымасының насосы бұзылып қалған. Төрт көпқабатты үйде су болмай қалды. Оны жаңа насосқа ауыстырып, барлық үйге су берілді. Бүгін таңертең осы үйде су жоқ екені анықталды. Бұл үйдің ішінде су қатып қалған. Жаңа құбыр сатып алуға кетті. Келгеннен кейін су аққан құбырды ауыстырып, қатып қалған суды ерітіп, су беру үшін бүгін жұмыс атқарады”, – дейді Ұмтыл ауыл округі әкімінің орынбасары Кәмшат Қасымбекова. Алайда тозығы жеткен үйдің құбырын ауыстыру оңай шаруа емес дейді жалпақсайлықтар. Халық күрмеуі қиын мәселені ауданның атқамінерлері шешіп берсін деген талап қойды.

Taulik.kz