Үш жылда 50 әскери қызметші суицид жасаған – сенатор
Үш жылда 50 әскери қызметші суицид жасаған – сенатор
Сенатор Дана Нұржігіт еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселесін көтерді, деп хабарлайды Taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ҚР Бас әскери прокурорының ақпаратына сәйкес, соңғы үш жылда 237 әскери қызметші қайтыс болған. 2020 жылы – 77, 2021 жылы - 96, 2022 – 64 адам. Олардың 145-і – әскерге келісімшартпен келгендер, 59-ы – офицер, 31-і – солдат. Бұл азаматтардың 89-ы науқастан көз жұмған, 62-сі жол апатынан, 50-і суицидтен, ал 8 адам өзге себептерден қайтыс болған. Ең көп, яғни 89 адам ауырып көз жұмған. Бұдан көріп отырғанымыз әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамайды», - деді ол.Сенатор жағдайды жақсарту үшін әскерге шақырылушылардың ғана емес, жасөспірімдердің де психологиялық жағдайын бақылау маңызды екенін атап өтті.
«13-14 жастағы ер балалардың денсаулығы, тән саулығы, психикасы, психологиясы үнемі бақылауда болуы керек деп есептейміз. Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше ол баланың бүкіл психо-физикалық портреті, барлық ақпарат арнайы электронды кітапшада жиналып тұрғаны дұрыс. Қазіргі кезде міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр», - деді Дана Нұржігіт.Ол әскери қызметшілердің қоғамдағы мәртебесін көтерудің маңыздылығы және олардың әл-ауқатын жақсарту туралы да айтты. Мұнда көптеген мәселе қордаланып қалған.
«Қарулы күштер қатарына келісім-шарт бойынша қызметке келген солдаттың бірінші жылдағы жалақысы – 82 мың теңге. Қазақстан дәрігерлерінің жалақысы көтерілгенде, еліміздің әскери дәрігерлері бұл үлестен қалыс қалып, бүгінде олардың жалақысы – 200 мың теңге. 2021 жылдан бері «Әскери баспана» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» алғашқы жарнаны 5 пайыздан 20 пайызға дейін өсірген. Ал, жалақысы 100 мыңға да жетпейтін жас әскери маман баспананың алғашқы 20 пайызын қалай төлемек? Осыдан кейін барып, әскери адамның қоғамдағы мәртебесі туралы қандай сөз қозғауға болады?!» - деді депутат.Дана Нұржігіт әскерге шақырылатын және әскерге шақырылғандардың денсаулығын сақтау мен қадағалау, олардың денсаулығының электрондық тіркелімін жасау және әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсартуға байланысты ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін бірқатар ұсыныстар айтты.