Қайрат Сатыбалдының жазасына қатысты тың мәлімет шықты
Қайрат Сатыбалдының жазасына қатысты тың мәлімет шықты
«ПАТРИОТ» telegram-арнасының хабарлауынша, Қайрат Сатыбалды ОВ №156/20 колониясына ауыстырылды деп жазады Taulik.kz aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған арнайы колония. Колонияның жаңа нөмірленуі №22. Тамыз айында Қазақстанның барлық колониялары жаңа нөмірлер алды, әрі әріптік белгілер жойылды.
Дереккөздер Қайрат Сатыбалдыұлының осы колонияға жеткізілгенін, сот үкімімен 6 жыл жазасын өтейтінін хабарлады.
Астана соты Қайрат Сатыбалдыұлының тергеу изоляторынан шығып кеткенін растады.
«Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты үкім 20 қазанда заңды күшіне енді. Ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №22 мекемесінде жазасын өтеп жатыр», – деп түсіндірді Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.Еске салсақ Қайрат Сатыбалды наурыз айының ортасында Алматыдан Түркияға жеке ұшақпен ұшпақ болған кезде ұсталған болатын. 26 қыркүйекте Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды. Ол Қылмыстық кодекстің «алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы мүліктік зиян келтіру» және «иемдену немесе жымқыру, яғни кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқыру» баптары бойынша кінәлі деп танылды. Жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесі тағайындалды. Сондай-ақ Қазақстан Президентіне Қайрат Сатыбалдыұлын «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры» арнаулы атағынан, сондай-ақ мемлекеттік наградалар – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс жіберілді. «Қазақтелеком» АҚ мен Қайрат Сатыбалды арасында 8 қыркүйекте кінәні тану туралы медиациялық келісім жасалған. Сатыбалды жасаған ісіне өкініп, келтірілген залалды толық өтейтінін мәлімдеді. Келтірілген шығын көлемі 12 миллиард теңгеден асады. Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» АҚ-ның 28 пайыз акциясын мемлекет меншігіне қайтарды.
Taulik.kz