Жаңалықтар

Украина қазақстандық миллиардердің активтеріне санкция салды

Украина қазақстандық миллиардердің активтеріне санкция салды

Украинада қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловтың Freedom Holding Corp активіне санкция салынды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Taulik.kz.
«Украинаның бағалы қағаздар және қор нарығы жөніндегі ұлттық комиссиясы «Фридом Финанс Украина» ЖШҚ лицензияларын 2022 жылғы 19 қазанда Украина Президентінің Жарлығымен Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің 2022 жылғы 19 қазандағы «жеке арнайы экономикалық және басқа да шектеу шараларын қолдану және оларға өзгерістер енгізу туралы» шешімі қолданысқа енгізілгендігі негізінде тоқтатты», – делінген хабарламада.
Компания хабарлауынша, лицензиялар тоқтатылғанымен, толықтай жойылмаған.
«Санкциялардың негізгі салдарының бірі – клиент алдындағы міндеттемелерді орындамау. Бірақ компания бұл шектеулерді қателік деп санайды. Шешімге қарсы екенімізді білдіреміз. Біздің қызметіміз және компанияның құрылымы туралы толық ақпаратпен барлық инстанцияларға өтініштер жіберілді», – деп хабарлады компания.
Бұдан әрі компанияның Украинаның бағалы қағаздар және қор нарығы жөніндегі ұлттық комиссиясының шешімдерін басшылыққа алатыны айтылды. Олар украиналық инвесторлар «Фридом Финанс Украина» арқылы сатып алған және депозитарлық мекемеде сақталған барлық активтер клиенттерге толық меншік құқығы негізінде тиесілі деп сендірді.
«Компания мүмкіндігінше клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындайды. Санкция салу Украинаның қор нарығының бүкіл жүйесі үшін күтпеген жағдай болды. Украинада көптеген жылдан бері жұмыс істеп келеміз, Украинаның қор нарығын, оның экономикасын, қор нарығының инфрақұрылымын белсенді дамытып келеміз. Санкциялар тек «Фридом Финанс Украина» ЖШҚ-ға қатысты. Ол арқылы қазір клиенттер Украинаның қор нарығында бағалы қағаздармен сауда жасай алады», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Украина азаматтары әлі де Freedom Finance Europe-дегі шоттары мен активтерін қолдана алады.
«Еуропалық брокер арқылы олар халықаралық қор биржаларына инвестиция сала алады. Ал еуропалық брокердің шоттарындағы клиенттердің барлық қаражаты Еуроодақ заңнамасымен қорғалған», – деп қорытындылады компания.