Жаңалықтар

Иран әскері кәрі-жасына қарамай бәрін қырып жатыр - Ирантанушымен сұхбат

Иран әскері кәрі-жасына қарамай бәрін қырып жатыр - Ирантанушымен сұхбат

Ирандағы қақтығыс шиеленісіп барады. Бейбіт тұрғындар зардап шегіп, көбі азаптаудан қайтыс болуда. Осы тақырып аясында Taulik.kz Иран мемлекетінде 7 жыл тұрған, ирантанушы Жәнібек Көпжассардың пікірін білді.

-Ирандағы шерудің арты ереуілге ұласып, өзара қақтығысқа айналғанына да 3 ай уақыт өтті. Жағдай қалай құбылып жатыр? Хиджабтан басталған дау мемлекеттің тұтас бір жүйесін өзгертуге қауқары жете ме?

-Қыркүйек айының 27-де Әдеп полициясы хиджапты дұрыс кимеді деп (шашы көрініп қалғаны үшін) ұрып өлтіргеннен соң басталған наразылық үш айға жақындады әлі басылған жоқ.

Иранның Күрдістан провинциясында басталған наразылыққа бірнеше күнде елдің 97 қаласында жалғасын тапты. Наразылықты басамыз деп билік өте көп қателік жіберді, Махса Аминиден кейін бір айдың ішінде тағы бірнеше қыз өлтірілді. Халық наразылығы одан сайын күшейді.

Наразылыққа мектеп оқушылары қосылды, полиция оқушыларды сабаймыз деп тағы да кәмелеттік жасқа толмаған 53 бала қаза тапты. Бала өлтірді деп халық көшеге жаппай шығып кетті. Полиция күші жетпей үкімет әскерге жүгінді. Наразылық қатты болған Күрдістан провинциясына әскер кіріп, түнде жарықты өшіріп, кәрі-жасына қарамай қырып тастады. Систан мен Белуджестан провинциясына да әскер кіріп, 134 адам қаза тапты.

Наразылық бірнеше күн саябырсығанымен, қайта күшейіп, қақтығыстар жиілей түсті. Оның үстіне балалар қаза тапқан соң, көшеде әйелдерді сабап, ұру жиілеп кеткен соң, ірі өнеркәсіп орындары мен базарлар забастовкаға шығып жатыр. Бұл экономика үшін үлкен соққы.

Егер Иран халқы осы қалпынан таймай, күресті жалғастыра берсе, арты революцияға ұласып, исламдық жүйе ауысады.

-Қаншама бейбіт тұрғындар қаза болуда. Полиция мен әскердің күші жетпеуде. Бұл “ішкі соғысты” қалай тоқтатуға болады? Өз ойыңыз қандай?

-Келісімге келу керек. Билік халық талабына құлақ асу керек. Ресми әлеуметтік сауалнама нәтижесі әйелдердің 53% хиджаб киюге қарсы. Осы мәселені шешу керек. Бірнеше күн бұрын билік әдеп полициясын таратып жіберді. Бұл дұрыс қадам, бірақ халық сенімнен айрылған.

Қазір наразылық хиджап мәселесінен әлеуметтік мәселелерге ауысып кетті, қазір халық билікке қарсы шығуда.

Алайда, хиджап мәселесін шешіп, уақытша келісімге келуге болады.

-Ресей Иранды тақырға отырғызып кетті дедіңіз. Енді жағдай қай бағытқа өзгермек?

-Иранды қазір Ресейден басқа еш ірі мемлекет қолдап отырған жоқ. Ресей қанша жерден Иранға қарсы саясат жүргізсе де, Иран Ресейден алыстап кете алмайды.

-Жалпы дінді “берік” ұстанған мемлекеттердің арты қантөгіске ұшыратып жатыр. Иран осы көтерілістен кейін мүлде басқа мемлекетке айналуы мүмкін бе?

-Әрине! Егер революция болып, ислам режимі құласа, Иран аймақтағы ең ірі мемлекетке айналады. Иранның географиялық орналасуы да, энергоресурстарға бай болуы да, халық санының көп болуы да өте көп мүмкіндіктерге жол ашады.

Иран Ислам революциясына дейін қай жағынан алсаңыз да аймақтағы ең ірі ел болатын. 1960-70 жылдары Теһран Азияның Парижі деген атқа ие болған.

Әскери жағынан Израильден де мықты ел болатын. Қазіргі Иранның экономикасы да, әскери күші де сол заманнан қалған өндіріс орындарының нәтижесі.

-Иран Сауд Арабиясына соғыс ашуы мүмкін екенін мәлімдедіңіз. Неліктен? Не себеп?

-Бір ай бұрын Сауд Арабиясы мен Израиль елдерінің барлау қызметтері осындай мәлімдеме жасаған болатын. Иран жағы да жоққа шығармады. Бірақ, АҚШ бірнеше әскери кемесін Парсы шығанағына кіргізіп, Пентагон "егер Иран Сауд Арабиясына соғыс ашса, біз қарап отыра алмаймыз" деген соң, Иран райынан қайтты. Иран сырт елге соғыс ашу арқылы ішкі наразылықты тоқтатпақ болған.

Екі апта бұрын Иран әскерилері Ирактың күрдістан аймағына әуеден соққы жасады. Әзербайжанға да соққы жасауы мүмкін. Естеріңізде болса, Илхам Әлиев осыған қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

-Жаңалықтарды дер кезінде беруден шеберсіз. Өзіңіз иран тілін білесіз бе? Иран мемлекетіне қызығушылық қайдан басталды?

-Рахмет! Иран жаңалықтарын дер кезінде жазып отыруға көбіне уақыт болмайды, алайда ең маңызды жаңалықтарды беріп отыруға тырысамын.

Мамандығым шығыстанушы, ирантанушымын. Парсы тілін білемін. Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін тамамдағанмын. Иранда 7 жыл өмір сүрдім, Иранды ішінен көрген, таныған адаммын. Иранға қызығушылық сол студент кезден басталды.

Біздің елімізде Иран жайында мәлімет өте аз, жаңалықтар Ресей БАҚ-нан көшіріліп беріледі, көбіне.

Иран біз үшін маңызды елдердің бірі деп санаймын. Сондықтан, Иранда не болып жатқанын білу біз үшін аса қажет.

-Жауабыңызға рақмет!

Taulik.kz