Жаңалықтар

«Мемлекеттің мүлкін талан-таражға салды»: күдікке ілінген басшы қамаудан босатылды

«Мемлекеттің мүлкін талан-таражға салды»: күдікке ілінген басшы қамаудан босатылды

Түркістан облысы Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен бөлім қызметкері Бексұлтан Айдағараев қамаудан үйқамаққа ауыстырылды. Сот оларды «қамауға алатындай бұлтартпайтын дәлел жоқ» деп тапты, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап. Қазан айында Сарыағаш аудандық соты 36 жастағы Есенбеков пен 30 жастағы Айдағараевты  Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен (189-бап) күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. Аудандық сот бұл қаулыны күдіктілер  «тергеу ісіне кедергі жасап, соттан жасырынуы мүмкін» деген тергеушінің өтінішімен негіздеген. Есенбековтің қорғаушысы қамауға алу туралы қаулыға апелляциялық шағым түсірген. Шағымды Түркістан облыстық сотының қылмыстық істерді қарайтын апелляциялық сот алқасы қараған. Қорғаушы жеке шағымда көрсеткеніндей, әуелі Есенбековтің үстінен Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен (366-бап)  қылмыстық іс қозғалған. Дәлел болмаған соң іс 189-баппен қайта сараланған.
«Мұның өзі күмән туғызады. Қылмыстық іс бойынша күдіктінің мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны жайлы дәлелдер жоқ, сараптама қорытындысымен дәлелденбеген, арызданушының бір ғана уәжімен күдікті деп табылған», – делінген шағымда.
Қорғаушы бөлім басшысының үстінен «Ұлы дала» қоғамдық бірлестігінің басшысы арызданғанын жазады. Ол «дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жарияланған лоттың жеңімпазы бола тұра, оны орындамай заңсыз ақшаны аудартпақ болғанын» алға тартқан. Облыстық сот қорғаушының шағымын қанағаттандырып, бөлім басшысы мен қызметкерін қамаудан босатып, үйқамаққа жіберген.