Жаңалықтар

Шымкентте жаңажылдық безендіруге 41 млн теңге бөлінді

Шымкентте жаңажылдық безендіруге 41 млн теңге бөлінді

Шымкентте жаңажылдық безендіруге 41 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалмақ, деп хабарлайды taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. Мегаполисте екі негізгі алаң безендіріледі. Көшелер мен алаңдарда, теміржол вокзалы мен әуежайда жаңажылдық шамдар жарқырайды. Бұл ретте ең көп сома қаланың Қаратау ауданы үшін безендіру бұйымдарын сатып алуға жұмсалады деп жоспарланған. Өткен жылы қаладағы ең үлкен шырша сол ауданда орнатылған. Бірақ қаңтардағы оқиғалар кезінде ол өртеніп, сонымен қатар шағын сәулет формалары бұзылды.
«Өртенген шыршаны қалпына келтіру мүмкін емес. Біз жаңа шырша сатып аламыз, оның ұзындығы 18 метр, құны шамамен 4,5 миллион теңге. Сондай-ақ бөлінетін қаражатқа қала әкімшілігінің алдындағы алаңды безендіретін 16 шағын сәулет формасын аламыз. Бәйдібек би даңғылы мен скверлерді безендіреміз», – дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Клдықараев.