Жаңалықтар

Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? - ТОҚАЕВ

Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? - ТОҚАЕВ

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа өткір сұрақ қойды.
«Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?» - деп Президент сұрақ қойды.
Мемлекет басшысы келесі жыл биылғы жылдан да күрделірек болатынын айта кетті.
«Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі. Бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты. Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек. Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтеді. Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті Үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын», - деп Тоқаев сөзін аяқтады.

Taulik.kz