Атырауда полицей танысына көмектескені үшін сотталды
Атырауда полицей танысына көмектескені үшін сотталды
Атырау қаласының №2 сотында өзінің қызметтік өкілеттіктерін басқа адамдардан пайда көру мен артықшылықтар алу мақсатында пайдаланып, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі патрульдік полиция батальонының инспекторы сотталды. Оған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама жасау кезінде дәлелдемелерді бұрмалады деген айып тағылды, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Анықталғандай, полицей танысының өтініші бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы дәлелдемелерді бұрмалай отырып толтырған. Онда танысының басқаруында Грузияда тіркелген, 108 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 2 млн теңгеден аса айыппұл төлемегені үшін айыппұл тұрағына қойылған тіркеу номері КРО... «Toyota Highlander» маркалы автокөлігі емес, тіркеу номері 060...«Toyota Highlander» маркалы автокөлігі болғанын көрсеткен. Осылайша полицей танысына мемлекетке айыппұл төлеуден жалтаруға көмектескен.
Сотталушы өзінің кінәсын мойындап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді, іс-әрекеттің саралануын дауламайтынын көрсетіп, кінәны мойындау туралы процестік келісімді жасауды сұрады.
Үкім келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылып, Ө.-нің қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін барлық мән-жайлар ескеріле отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен, 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сотталушы полиция лейтенанты шенінен айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.