Жаңалықтар

Жарық пен газ тапшылығын «Алланың ісі» деп атаған имам сынға ілікті

Жарық пен газ тапшылығын «Алланың ісі» деп атаған имам сынға ілікті

Өзбекстанда желтоқсанның алғашқы апталарында энергетика дағдарысы тереңдей түсті. Республикада жарық сағат сайын сөніп, газ толтыру бекеттерінде ұзын-сонар кезек болды. Қоғам наразылығы күшейген тұста Ташкент қаласының бас имамы Рахматулла Сайфиддинов жұртты сабырға шақырып, «ата-бабаларымыз жарық пен газсыз да өмір сүрген» деп мәлімдеме жасады. Бұл туралы taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды. Бұған қоса, астананың бас имамы мәселені әлеуметтік желілерде көтеру арқылы «елді әлем алдында масқараламауға» үндеген. Сайфиддинов «үрей, тәртіпсіздік және наразылық мәселені шешпейді» деп ескерткен. Ол жазбасында «әлемдегі барлық нәрсені Құдай тағала жоқ етіп, жоқты бар жасайды» деп жағдайға мойынұсынуға шақырған, наразылыққа ермеу қажеттігін айтқан. Өзбекстан астанасы бас имамының сөздері қоғам белсенділерінің ашуын туғызды. Журналист Үміт Сориев имам сөздерін «қарапайым адамдарды құлдыққа итермелеу» деп сипаттаған. Азаматтық белсенді Мұсанниф Адхамның пікірінше, «жылы мешітте отырып алып қиыншылыққа тап болған адамдарды төзімге үндеу – дінді саудалау». «Platforma.uz» Telegram-арнасы «саясаткерлер молдаға, ал молдалар геосаясаткерге айналған заман» деп жазды.