Жаңалықтар

AlmaU Trust Barometer: Қазақстандағы қоғамдық сенім деңгейі төмен

AlmaU Trust Barometer: Қазақстандағы қоғамдық сенім деңгейі төмен

AlmaU-дың ғылым жөніндегі проректоры Бақытжан Саркеев пен BISAM Central Asia президенті Леонид Гуревич Қазақстандағы қоғамдық сенім деңгейін  анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмысын жүргізді. Оған арнайы таңдалған 1150 адам қатысқан. AlmaU Trust Barometer бұл зерттеу жұмысын халықаралық Edelman Trust Barometer методикасына сүйеніп атқарды. Зерттеу жұмысының нәтижесі Aлматы Менеджмент университетінде өткен «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» ІІІ халықаралық конференциясында жарияланды, деп хабарлайды taulik.kz. Зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстандағы сенім деңгейі салыстырмалы түрде өте төмен – 42% ғана. Бұл нәтиже Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінен төмен болса, Ресей мен АҚШ-тан жоғары. Дегенмен респонденттердің 68% мен 60% мемлекет басшысы мен қарулы күштерге сенетіні анықталды. Бірақ жергілікті басқару органдарына халықтың тек 45%-ы сенеді.
«Біріншіден, жыл сайын тұрақты түрде осы халықаралық конференция ұйымдастырып келе жатқан Алматы Менеджемент университетін ерекше атап өткім келеді. Бұл зерттеуден халықтың үкіметке қаншалықты сенетінін, олардың әлеуметтік жағдайын, қорқыныштары мен  сұраныстарын анықтаймыз. Ал соның негізінде саяси, экономикалық, идеологиялық  стратегиялар құрамыз. Биыл қоғамның сенім деңгейі көтерілгенімен, бірақ басқа елдермен салыстырғанда өте төмен. Қазақстандықтардың тең жартысы әлі де болса жергілікті билік пен сот өкілдеріне сенбейді. Бұл жағдай өте қатты алаңдатады», - деді BISAM Central Asia президенті Леонид Гуревич.
 width= ЕКІ ЗЕРТТЕУДІҢ ОРТАҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ МЕН ИНДЕКСТЕРІ: Қоғамдық сенім деңгейі. Институттарға сенім деңгейі. Әлеуметтік көшбасшыларға сенім деңгейі. Қоғамдағы институттың рөлі. Әлеуметтік қорқыныш пен алаңдаушылықтың деңгейі. Медиаға көзқарас. Ақпараттық гигиена индексі.
«Мұндай зерттеулер бізге өте қажет. Зерттеу жұмыстарын тоқтатпай, осы мәселені одан әрі тереңірек зерттеуге, ұсыныс дайындайтын академиялық коалиция  құру керек деп ойлаймын. Біз әрдайым қолдауға дайынбыз», - деді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахим Ошақбаев.
Сондай-ақ шарада қоғамның сенім деңгейін көтеру жайлы әртүрлі пікір айтылды. Nazarbaev University доценті Дина Шарипованың сөзінше, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғары болуы, денсаулық саласы деңгейінің көтерілуі, жұртшылықтың заңға сенуі оң нәтиже бере алады. Ал ол деңгейге жету үшін алдымен сыбайлас жемқорлық фактісі жойылып, халықтың білім деңгейін көтеру қажет деген ұсыныс айтылды. Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктерге еркіндік берілсе және әлеуметтік теңдік орнаса ғана мәселенің шешімін табуға болатынын да жасырмады.  width= Конференцияның екінші пленарлық отырысының тақырыбы әлеуметтік капиталға арналды. Сарапшылардың қатарында еліміздегі алғашқы нейромаркетинг зертханасының жетекшісі,  AlmaU-дың Менеджмент мектебінің деканы Айман Қазыбаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі Асқар Нұрша, Орталық Азиядағы Халықаралық банктің аға экономисі Уильям Сеитц, КИМЭП университетінің Халықаралық қатынастар және аймақтану кафедрасының меңгерушісі Нигмет Ибадильдин, Internews Network бағдарламасының аймақтық үйлестірушісі Гүлнар Асанбаева бар. Конференцияның екінші бөлімінде AlmaU-дың Менеджмент мектебінің деканы Айман Қазыбаева студенттермен бірлесе жасаған нейробиологиялық анализдің нәтижесін таныстырды. Зерттеу жұмысының басты мақсаты – Қаңтар оқиғасынан кейін алматылықтардың сезімін анықтау. Зерттеу facereading технологиясын қолдану арқылы жүргізілген. Камера алдында отырған респонденттің саналы және бейсаналы импульстарын facereading бақылайды. Сауалнамадан басты айырмашылығы адам физиологиялық реакциясын бақылай алмайды, оның реакциясын facereading бағдарламасы талдайды. Зерттеу жұмысына 16-65 жас аралығындағы ер және әйелдер қатысқан. Респонденттерде қайғы, ашу, қорқыныш сезімдері басым болған. Конференцияның тағы бір жаңалығы – атақты политолог Франсис Фукуямының «Сенім» кітабының қазақшаға аударылуы.
«Қоғамда сенімнің болуына ықпал ететін фактордың бірі ол қоғам мүшелері, халық қаншалықты кітап оқитыны және дүниежүзінде жасалып жатқан әдебиет, білім, ғылымды қаншалықты сіңіре алатыны, халыққа қаншалықты қолжетімді екені. Біздің баспа осы дүние тарихын қалыптастырған, қазіргі ғылымды, білімді қалыптастырып жатқан озық идеяларды жеткізетін кітаптарды аударып, қазақ тілінде таныстыруға, қазақ тілінде ұсынуға мүдделі», – деді Steppe&World баспа үйінің бас редакторы Назгүл Қожабек.
Халықаралық конференция аясында әлемдік бестселлердің қазақша нұсқасын көпшілікке таныстыру оң өзгерістердің алғашқы қадамы деп білеміз.  width= Конференцияға қазақстандық және шетелдік университеттер, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялардың өкілдері, саясаттанушылар мен сарапшылар, бизнес пен БАҚ өкілдері, студенттер мен оқытушылар қатысты.