Жаңалықтар

Мейіржан Төребаевтың адвокаты шұғыл мәлімдеме жасады

Мейіржан Төребаевтың адвокаты шұғыл мәлімдеме жасады

Қаржы пирамидасын жарнамалаған Мейіржан Төребаевтың адвокаты Жанна Оразбақова әлеуметтік желідегі жазбасында шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Taulik.kz.
– Ол жарнамалады ғой — Мейіржанның қанын талап етушілердің басты дәлелі осы. Иә, ол жарнама жасағанымен, сол кезде, яғни 2020 жылдың күзінде «Астекстің» де, «Мударабтың» да дәуірі жүріп тұрған, жүздеген салымшылары болды. Бірақ Мейіржанды енді жарнамасы үшін емес, қаржы пирамидасын құрғаны үшін соттағалы жатыр. Бірақ ол құрушы немесе жетекші емес, қонақ актер болғаны бәріне анық, – деді Жанна Оразбақова.  
– Осы «пирамидаға» жұрттың өзі туыстарын, достарын сүйреп апарған. Достарын әкелгені үшін тіпті біреуі сотталды деп ойлайсыз ба? Жоқ! Сонда Мейіржанның олардан қандай айырмашылығы бар? – дейді адвокат.
Адвокаттың айтуы бойынша, Мейіржанды ҚР ӘҚБтК-нің 150-бабы «қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жарнамалау» бойынша соттауы қажет.
– Тағы да қайталаймыз: енді Мейіржан сотталғалы жатыр, оны таза 10 жыл күтіп тұр. Жарнама үшін емес, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында «пирамида» құрғаны үшін. Бірақ ол компания Мейіржанға дейін құрылып, жақсы жұмыс істеп тұрғаны белгілі ғой, – деп қорытындылады адвокат.

Taulik.kz