Жаңалықтар

217 мың: Балаларға арналған жәрдемақының нақты сомасы айтылды

217 мың: Балаларға арналған жәрдемақының нақты сомасы айтылды

Жаңа жылда көп балалы және кішкентай балалары бар отбасылар қанша теңге жәрдемақы алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Taulik.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі балаларға төленетін төлемдердің, сондай-ақ, көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақылардың қалай өзгеретінін егжей-тегжейлі сипаттады. Бала тууына байланысты төленетін жәрдемақы "Балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" ҚР Заңына сәйкес, туған, асырап алған, сондай-ақ, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар барлық отбасының туу жәрдемақысын алуға құқығы бар. Туу жәрдемақысы жұмысшыларға да, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді, ал жәрдемақы мөлшері: бірінші, екінші және үшінші баланың тууына 38 АЕК немесе 2022 жылы 120 840 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 131 100 теңге; төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК немесе 2022 жылы 200 340 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 217 350 теңге. Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы Жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс істемейтін ата-анаға арналған жәрдемақылар мөлшері бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 2022 жылы 18 317 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 19 872 теңге; екінші балаға 6,81 АЕК немесе 2022 жылы 21 656 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 23 495 теңге; үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 2022 жылы 24 963 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 27 083 теңге; төртінші және одан да көп балаға 8,90 АЕК немесе 2022 жылы 28 302 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 30 705 теңге. Егер баланың анасы жұмыс істесе және ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар түссе, онда ол туғаннан кейін МӘСҚ-дан бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайын әлеуметтік төлем алатын болады. Төлем мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Бұл ретте, ең төменгі мөлшері бала күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмауы тиіс, ал ең жоғары мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40 пайызынан аспауы тиіс. Басқаша айтқанда, 2023 жылы ай сайынғы жәрдемақы 196 000 теңгеден аспайтын болады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы қанша уақыт ішінде төленеді Бұрын бала туғаннан бастап бір жыл ішінде бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төленетін. Енді оны бір жарым жыл ішінде алуға болады. Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақылар Төрт немесе одан да көп баласы бар отбасылар көп балалы болып саналады. Жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіш (АЕК) деңгейіне байланысты және мыналарды құрайды: төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 2022 жылы – 50 976 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 55 304 теңге; бес балаға – 20,04 АЕК немесе 2022 жылы – 63 728 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 69 138 теңге; алты балаға – 24,05 АЕК немесе 2022 жылы – 76 479 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 82 973 теңге; жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 2022 жылы – 89 231 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 96 807 теңге; сегіз және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе 2022 жылы – 12 720 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – әр балаға 13 800 теңге.

Taulik.kz