Иранда қозғалысқа қатысқан 17 жастағы қыз өлім жазасына кесілді
Иранда қозғалысқа қатысқан 17 жастағы қыз өлім жазасына кесілді
Иран революциялық соты елде болып жатқан билікке қарсы қозғалысқа қатысқаны үшін 17 жасар Соня Шарифиді өлім жазасына кесті, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
«Иранда 17 жастағы революционер қыз Соня Шарифиді дарға асу арқылы өлім жазасына кесілді», – делінген хабарламада.Жас бойжеткенге «Құдайға қарсы соғыс ашты» деген айып тағылды. Бірақ үкімнің қашан орындалатыны белгісіз. Ирандағы халықтың бас көтеруі полицейлердің хиджаб кимей жүрген 22 жастағы Махса Әмини деген қызды учаскеге әкеліп, ұрып өлтіргендері себеп болды. Осыдан кейін алаңдар мен көшелерге алдымен әйелдер шығып хиджабтарын өртеді, бұрымдарын кесті. Қарсылық қозғалысының алғашқы 11 адамы жақында сотталып, бәрі өлім жазасына кесілген еді. Олардың арасынан әзірге біреуі ғана дарға асылды. Бұдан кейін тағы екі адам осындай жаза алды. Бұлардың бірі футболшы болса, екінші осы Соня атты жасөспірім қыз еді. Қазір наразылық толқыны елдің ірі қалаларының бәрінде болып жатыр. Бұрнағы күні көтерілісшілер дрон шығаратын зауытты өртеп жіберді. Ресейге ұшқышсыз ұшақ жасап беріп тұрған осы кәсіпорын болатын. Иранның жоғарғы діни лидері Әли Хаменеидің әрекетіне қарсылық көптен бері басылмай тұр. Оның осыншалықты қатыгездігінен туған жиендері мен ағайындарының балалары да айыптап отыр. Мысалы, Махмуд Мурадхани 40 жылдан бері демократияға қарсы күресіп келе жатқан нағашы атасы Әли Хаменеиді ешбір қолдамайтынын талай мәрте айтты. Қазір ол елдегі режимнен қашып, Францияда тұрып жатыр.
«Әли Хаменеи басқарған режим 40 жылдан бері елдегі демократияға, адам және әйелдер құқығына қарсы әрекет жасап келеді. Иран лидері өлген күні оның құрған мына жүйесі де бірден қирап, ортасына түседі. Үкіметте Хаменеидің саясатымен келіспейтін адамдар көп. Бірақ олардың өз пікірлерін айту мүмкіндіктері жоқ», – деді ол.Мурадхани өз анасы мен қарындасының Хаменеимен қарым-қатынасын 2009 жылы-ақ үзгенін айтады.