9 оқушы мінген көлік аударылып кетті: оқиғаға қатысты тың мәлімет шықты
9 оқушы мінген көлік аударылып кетті: оқиғаға қатысты тың мәлімет шықты
Ақтөбеде оқушылар мінген көліктің аударылып қалуына жүргізушінің кінәсі бар. Ол рульде қалғып кеткен. Қазіргі кезде спорт мектебінің басшыларына қатысты да қылмыстық іс қозғалып жатыр, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолында болған оқиғаны Алға аудандық полиция бөлімі тергеп жатыр. Қазіргі кезде жүргізуші қамауға алынған.
Бірнеше сараптама тағайындалды. Алдын-ала белгілі болғаны, жүргізуші ішімдік ішпеген.
«Жол-көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Жүргізуші жол ережесін сақтамаған. Бірден қамауға алынды. Ол қалғып кеткен, көлік ішіне шамадан тыс көп бала отырғызған», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.Сонымен бірге аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары да осы іске жауапты. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің «Салғырттық», «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» баптары бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Облыстық ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжановтың айтуынша, жол апатын видеоға түсіріп, балалардың жерде жатқанын көрсеткен адам әлі табылмаған. Тергеу жұмыстары кезінде анықтап, қылмыстық жауапқа тартылмақ. Еске салсақ, бұған дейін жас спортшылардың ата-аналарды дәл сол адамды тауып, жазалауды сұраған еді. Айта кетейік Ақтөбе облысы бойынша 38 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Онда тек 9 автобус қарастырылған. Оның төртеуі қалада, өзгесі аудандарда. Оқиға болған Темір ауданындағы спорт мектебінде автобус жоқ.
«Облыстағы орта мектептерде барлығы 118 мектеп автобусы бар. Мектепке арналған автобус балаларды мектепке тасымалдайды. Сонымен бірге саяжаларда тұратын балаларды тасымалдауға арналған. Бұл жағдайда аудандық білім бөліміне сабақтан босату туралы ұсыныс түскен. Алайда тасымалдау туралы ұсыныс ештеңе айтылмаған», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров бұған дейін мұндай жағдай тіркелмегенін, облыс кубогі жыл сайын ұйымдастырылатынын айтты. Әрі аудандық спорт мектептеріне қаржы бөлінеді. Ал оны тиімді жұмсау, жарыстарға қатысу кестесін белгілеу директор мен жаттықтырушылардың еншісінде.
«Мен өзімді жауапты сезінем. Алайда жұмыстан шығам немесе орнымда қаламын ба, оны өзім шешпеймін», - деді Евгений Гончаров.