Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылды
Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылды
Анкарада қазақтың белгілі ағартушысы, түркітанушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ескерткіші мен паркі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Taulik.kz ҚР Сыртқы істер минстрлігіне сілтеме жасап.
Аталған шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Етимесгут муниципалитетінің әкімі Енвер Демирел, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, ТР Сыртқы істер министрінің өкілі Хасан Баджаджы, Анкарадағы түркітілдес Елшіліктердің өкілдері, ТҮРКСОЙ өкілдері, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арслан, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасы Ғанимет Қайсарұлы, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасының орынбасары және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкіл Ержан Уәйіс, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Сәбит, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев, Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Жанабай Мейрманқұлов, зиялы қауым, қазақ диаспорасы және БАҚ өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Елші Е.Сәпиев бүгін Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылуына үлес қосқан Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирелге және қызметкерлеріне, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арсланға, Астана қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.
Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирел өзінің сөзінде Түркі әлеміне еңбегі сіңген ұлы тұлға, ғалым және түрколог Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына орай, бүгін Ұлт ұстазына арналған ескерткіш пен парктің ашылу салтанатын өткізу муниципалитет үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
Алдағы уақытта екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтатын игі бастамалардың жалғасын табатынына сенімін білдірді.
Шара соңында қонақтардың қатысуымен Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіш пен парктің салтанатты ашылу рәсімі жүзеге асырылды.
Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы парктің аумағы 8 мың шаршы метрді құрайды. Парктің ішіне 150 түрлі ағаштар отырғызылған және спорт алаңдары белгіленген. Қола және граниттер жасалған ескерткіштің биіктігі 4 метр, оның 3 метрін мүсін құрайды.