Жаңалықтар

«Қазақ тілі иммунитетінен айырылған»: Жаңа министрдің сөзі қызу талқыға түсті

«Қазақ тілі иммунитетінен айырылған»: Жаңа министрдің сөзі қызу талқыға түсті

Жаңа тағайындалған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қазақ тіліне байланысты ойы қызу талқыға түсті. Онда әліпби мәселесі, латынға көшу жайы айтылған, деп хабарлайды taulik.kz exk.kz сайтына сілтеме жасап. Жаңа министрдің тілге байланысты ойы әлеуметтік желіде тарады. Бұл сұхбат осыдан 5 жыл бұрын берілген. Бірақ әлі де өзектілігін жоғалтпаған сияқты. Себебі Ғани Бейсембаевтың көтерген мәселесі 42 әріпті қысқартып, латын әліпбиіне көшу, орыс тіліндегі жаңа сөздерге аударма іздемей, тілге ыңғайлы етіп түрлендіру.
«Қазақ тілі – өзінің иммунитетінен айырылған тілдердің бірі. Қарапайым тілмен түсіндірсек, осы иммунитеттен айырылғанның салдарынан біздің көп тілшілеріміз кез келген жаңа сөзді қазақ тіліне аударуға ұмтылыс білдіруі. Бұл бейсаналық тұрғыдан қауіптену және одан қорғану болып есептеледі. XX ғасырдың басында тіліміздің иммунитеті мықты болған кезеңде біз кез келген сөзді өз ыңғайымызға түрлендіріп алдық. Яғни, "Москваны Мәскеу, заводты зауыт" деп айттық. Қазір сол иммунитетімізден айырылғанның себебінен екі ауыз сөздің ортасына орыс тілін араластырамыз», – дейді ол сөзінде.
Сондай-ақ Ғани Бейсембаев бұдан шығар жол 42 әріптен құтылу дейді. Яғни мектеп оқушыларына осыншама әріпті үйрету кірме сөздің кедергісіз енуіне себеп деп отыр.
«Бүкіл әлем 20-30 әріпті үйренгенде, біз 1-сынып оқушыларына 42 әріпті оқытамыз. Бұл кірме сөздердің кедергісіз енуіне тікелей жол ашады. Сондықтан біздің әліпби 25-26 әріптен аспауы керек. Дәл осыны қуаныштың бірі деп қабылдар ем. Әрі ч, ц, в деген секілді әріптердің қажеттілігін анықтап алуымыз керек. Керек пе, жоқ па дегендей. Кез келген ұлт өзге тілде акцентпен сөйлейді. Бастысы түсіне алса болды емес пе?! Ал біз орыс тілін таза сөйлейміз деп мақтанамыз. Ол мықты көрсеткіш деп ойламаймын. Ұлттық код деген не? Егер біз таза қазақ тілінде сөйлей алмасақ, қазақ тіліндегі әдет-ғұрыпты бойымызға сіңіре алмасақ онда біз тамырымыздан айырылған болып есептелеміз. Сол тамырға, тарихқа оралуымыз, келуіміз – латын графикасы болып есептеледі», – дейді Ғани Бейсембаев.
Бұл сұхбатқа жазылған пікір көп. Бірі жаңа министрдің ойына қосылса, енді өзгелері әліппе тағы өзгеріске ұшырап, балалардың миы шаршайтын болды деген пікір жазған.