Жаңалықтар

Жұмыстың орындалмауын ауа райымен байланыстырған әкім сынға қалды

Жұмыстың орындалмауын ауа райымен байланыстырған әкім сынға қалды

Ұлытау облысына бөлінген қаражаттың біраз бөлігі игерілмей, көп жоба аяқталмаған. Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлына ескерту жасады, деп хабарлайды taulik.kz. Берік Әбдіғалиұлы қаражаттың уақытылын игерілмеуін ауа райымен және қаржының кеш түсуімен түсіндірді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бюджетті нақтылау барысында 2022 жылғы мамыр айында Ұлттық қордан 4 ауылдық елді мекенде 5 жобаны жүзеге асыруға 634 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 4 фельдшерлік-акушерлік пунк құрылысына 480 млн теңге және Жаңаарқа ауданында дене шынықтыру-сауықтыру құрылысына 154 млн теңге қаралған. Құрылыс-монтаждау жұмысының конкурстық рәсімдерін Қарағанды облысының құрылыс басқармасы 2022 жылдың 14 маусым – 14 тамыз айларында ғана өткізіп, келісімшарттар Ұлытау облысына 15 қазанда берілді. Жыл қорытындысы бойынша 350 млн теңге немесе 56 пайызы игерілді. Қаражаттың игерілмеуі жалпы ауа райы жағдайына және Қарағанды облысынан шарттар бойынша міндеттемелердің кеш берілуіне байланысты болды», – деді облыс әкімі.
Үкімет басшысы әкімнің бұл жауабына қанағаттанған жоқ.
«Ақша бөлінеді. Енді сіздердің жұмыстарыңыз – соларды тиімді пайдаланып, іске асыру. Сондықтан сіздің айтқан «Ақша уақытылы бөлінбеді» деген себепті біз қабылдамаймыз. Жұмысты уақытылы орындаңыз», – деді Смайылов.