Жаңалықтар

TikTok-тағы ойыннан балалардың суицид жасап жатқаны рас па?

TikTok-тағы ойыннан балалардың суицид жасап жатқаны рас па?

Желіде ер адамның аудиожазбасы кеңінен таралып кетті. Дауыстық хабарламада автор 13 жасар қызы суицид жасағанын, ол мұндай қадамға TikTok желісіндегі ойыннан кейін барғанын айтады. Stopfake.kz оқиғаның мән-жайын анықтады, деп хабарлайды taulik.kz. Ер адамның айтуынша, қызы 12 қаңтарда өзіне қол салған. Дәл сол күні Таразда тұратын тағы екі бала TikTok-тағы ойын кесірінен қайтыс болған.
«12-сі күні 13 жасар қызымнан айырылдым. Әйеліммен үйге келгенде қызымызды баспалдақта асылып тұрған күйінде таптық. Балалардың телефонын тексеріп тұрыңыздар, өтінемін. Мұның барлығы телефоннан екен. TikTok-та бір ойын бар, онда турлардан өтеді. Алдымен, ұстараның жүзімен тамырын кеседі, кейін асылып өледі», – дейді аудиожазбадағы ер адам.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұл ақпарат жалған екенін айтады.
«Ақпарат расталған жоқ», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.