Путинді қолдаған депутат «Ақ жол» партиясынан шығарылды
Путинді қолдаған депутат «Ақ жол» партиясынан шығарылды
Бүгін Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің пленумы өтті. Партия төрағасы Азат Перуашевтың төрағалығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты А.Әбілдаевтың журналиске берген сұхбатында Украинадағы соғыс туралы айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді, деп хабарлайды Taulik.kz.
«Ұлттық кеңес мүшелері А.Әбілдаевтың сөздері «Ақ жол» партиясының позициясына қарама-қайшы екеніне, партиялық және депутаттық этиканы да бұзғанына баса назар аударды. Атап өту керек, кеше партия президиумы хабарлағандай, «Ақ жол» партиясы қашан да Республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды. Ұлттық кеңес А.Әбілдаевты «Ақ жол» демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты А.Әбілдаевтың мандатын тоқтату туралы Орталық сайлау комиссиясына хат жолданды», - делінген хабарламада.