Өзіне қол жұмсаған мұғалім: оқиға туралы тың мәлімет шықты
Өзіне қол жұмсаған мұғалім: оқиға туралы тың мәлімет шықты
Батыс Қазақстан облысында 22 жастағы мұғалім өзіне қол салды. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға 17 қаңтар күні Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында болды, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сағат 08.00-де өзі тұрған үйдің ауласындағы сарайда асылып қалған 2001 жылғы қыздың мәйіті табылды. Марқұмның денесінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері болған жоқ. Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Аталған дерек ҚР ҚК 105-бабына (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыс құрамы болмауына байланысты іс қысқартылды», – деп хабарлады ведомство.Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдиннің айтуынша, марқұм Сайқұдық ауылындағы Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепте өткен жылғы қыркүйектен бастап бастауыш сынып мұғалімі есебінде жұмыс істеген. Өзі Базаршолан ауылынан болғандықтан, Сайқұдықта жақын ағайынының үйінде тұрған.
«Жас маман болғандықтан, оған бірден тәлімгер бекітілген. Мектеп директоры Рая Зейнешқызының сөзіне қарағанда, ол алдымен бала күтімімен отырған мұғалімнің орнына 28,5 сағатпен жүрген. Кейін ол адам жұмысқа шыққаннан кейін 18,5 сағатпен, яғни толық жүктемемен қалған. Жас маман болғаннан кейін барынша қолдау көрсетілген. 20 желтоқсанда ауырып, соқырішектен екі рет ота жасалып, жұмысқа 13 қаңтар күні шыққан. Мектеп директорынан екі рет пәтер сұрап, өтініш айтқан. Қайтыс болардан бір күн бұрын үйдегі балаларға сабақ беруге барған да, мектепке келмеген. Мектеп басшылары жарақатын ауырсынып жүрген болар деп іздемеген. Мұғалім қыздың не себепті асылып қалғаны белгісіз болып отыр», – деді Е.Бекмулдин.