Ажар Ғиният сотталған Әбішевтің үстінен арыз жазбағанын айтты
Ажар Ғиният сотталған Әбішевтің үстінен арыз жазбағанын айтты
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің үстінен арыз жазбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Бұған дейін Сарыарқа ауданы полициясына Әбішевтің үстінен министр Ажар Ғинияттың атынан арыз түскені хабарланды. Бұл туралы апелляциялық сот отырысында Олжас Әбішев және оның адвокаты Фатима Берсанова айтты.
Олардың сөзінше, арыз жазуға Әбішевтің соттағы мәлімдемесі себеп болған. Ол жерде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевті қолдап петицияға қол қойғандардың арасында Ажар Ғиният та бар екенін айтылды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният петицияға қол қоймағанын, мұны министрдің атынан белгісіз біреулер істегенін айтты.
«Мен Әбішевтің үстінен арыз жазған жоқпын. Біреу менің рұқсатымсыз менің атымнан жеке деректерімді қолданып, петицияға қатысқан. Ол жерде менің жеке деректерім заңсыз қолданылған. Мен мемлекеттік органның жетекшісі болғандықтан, халық менің кез келген мәлімдемемді министрліктің ұстанымы деп қабылдайды. Сол себепті кімнің қандай мақсатта мұндай әрекетке барғанын анықтау үшін арыз жаздым», - деді Ажар Ғиният.Айта кетейік, Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев қылмыстық кодекстің 361-бабы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ сот Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтен денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына тең үлесте 1,350 миллиард теңге өндіріп алынатынын айтты. Сот сотталушыларға азаматтық талапты ерікті түрде орындау үшін үш ай мерзім белгіледі.