15 жасында 90 миллион теңге тапқан қазақ қызы
15 жасында 90 миллион теңге тапқан қазақ қызы
Қазір кез келген адамға бизнес ашуға жағдай жасалған. Бүгінгі кейіпкеріміз – Италияның астанасы Рим қаласында білім алып жатқан Әсемай Досмұхамбет. Жас кәсіпкер бұл салаға «15 жасымда келдім» дейді. Назарларыңызға 19 жастағы қазақ қызымен болған сұхбатты ұсынамыз.
– Бизнеске қалай келдіңіз? 15 жастағы қыз балаға бизнес бастау қиын болған жоқ па?
– Бала кезімде сүйкімді заттарға, әсіресе, мектеп құралдарына қатты қызығып, ғаламтордан суреттерін сақтап жүретінмін. Бірақ сатып алуға қаражат жетпей, жай арман болып қала берді. Осылай мектеп кезінде ойын ретінде қабылдап, түрлі тауарларды сатып жүрдім. Ең алғаш рет 4-сыныпта табысқа кенелдім. Өсе келе ауылымды дамытып, басқа балаларда әдемі заттар сатып алатын мүмкіндік болсын деген ниетпен дүкен ашамын деп шештім.
9-сыныпта кішігірім сөрені жалға алып, өз тауарымды сатып, жиналған ақшаға 15 жаста дүкен аштым. Бастапқыда 250 мың теңге жұмсап, бір жылдан кейінгі айналым жылына 90 миллионнан асты. Бұл ескі қойма болғандықтан, көп ұзамай оны маған оңай бере салды. Ал жиһаздары толықтай б/у болған. Басында өзім ғана жұмыс істедім. Таңертеңгі уақытта сабақ, одан келе сала дүкендегі жұмыс, кешке қосымша сабақ дегендей. Қазіргі уақытта бұл сферада жүргеніме 5-жыл. Ендігі мақсатым – бизнесімді кеңейтіп, әлемдік деңгейге шығу.
– Қандай бизнеспен айналысасыз? Соған тоқталып өтсеңіз.
– Мен айналысып жүрген бағыт – тауар бизнесі. Өзіме ұнайтын кеңсе тауарлары мен мектеп құралдары, косметика, киім, аксессуар және жастар арасында ерекше танымал заттарды сатамын. Қытай, Ресей және Кореямен жұмыс істейміз. Сонымен қатар ақпараттық бизнес әлеміне келіп жатырмын. Жақында «шетелге түсу жолдары» деген эфир өткізгенмін, 4500 адам қатысты.
– Өзіңіз айналысып жүрген бизнесті қалай ашқаныңызды әрбір қадам бойынша айтып берсеңіз.
- Бастапқыда қай елден тапсырыс беретінімді білмей, қарапайым барахолкадан аз ғана тауар сатып алдым;
- Базар жанындағы сауда үйіне кіріп, иесінен бір бутиктің сөресін жалға беруін сұрадым;
- Келіскен соң, тауарды орындарына қойып шықтым;
- Жарты жылдай сол жерде тауар сатып, өз дүкенімді ашуға дайындық басталды;
- Дүкеннің инстаграм парақшасын дамыта бастадым;
- 250 мың теңгеге тауар сатып алдым;
- Одан кейін ескі қойманы тауып, б/у сөрелерді сатып алып, оларды боядық;
- Инстаграмға ашылып жатқанымызды жариялап, сол күні алғашқы сауданы жасадық.
Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ