Астаналықтарды ескі зауыттан шығатын жағымсыз иіс алаңдатады
Астаналықтарды ескі зауыттан шығатын жағымсыз иіс алаңдатады
Мақпал Батталова, KAZGUU Newsroom.
Астананың оң жағалауындағы ескі зауыт ғимаратынан шығатын жағымсыз иіс айналасына шоғырланған астаналықтарды алаңдатады. Олардың шағымына жергілікті билік аса мән бермеген. Эколог белсенді ғимаратты тексеріп, биліктен шара қолдануын талап етуге шақырса, урбанист ғимаратты қайта жаңғырту мүмкіндігі барын айтады.
Ескі зауыт ғимараты А.Жұбанов және К.Циолковский көшелерінің арасындағы үлкен алқапта орналасқан. Екі жағында да түрлі тұрғын үйлер бой көтерген. Жүздеген отбасы паналап отыр.
Дана Когай есімді астаналық А.Жұбанов бойында орналасқан 6 қабатты тұрғынүйде тұрады. Ол ғимараттан жағымсыз иіс шығатынын айтып, жергілікті билік өкілдеріне шағымданып жүргеніне біраз болыпты.
“Бос тұрған бұл ғимараттың не үшін пайдаланылып жатқаны белгісіз. Бірақ жазда және күзде үнемі жүк көліктері кіріп-шығып жатады. Бұл орын біздің пәтердің тура алдында орналасқан. Ғимараттың бейтаныс иісін және не үшін қолданылатынын білу мақсатында iKomek-ке (Астана қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы – ред.) шағымдандық”, — дейді ол.Дана Когай жағымсыз иіс әсіресе ауа-райы ылғал кезде өршиді дейді. Оның ғимаратты тексеріп, мүмкіндігі болса тазарту туралы арызын iKomek қызметкері тіркеп алған екен. Бірақ әзірге еш нәтиже шықпапты. Тұрғын үйдің ауласы ескі ғимаратқа қараған жағында орналасқан. Оның айналасы биік бетон бағаналарымен қоршалғанымен, құлауға шақ тұр. Үй тұрғындары балаларын қараусыз аулаға ойнауға жіберуге қорқады.
“Бұл үйде тұрып жатқаныма біраз болды. Иә, бұл ғимарат біз көшіп келген кезде болған. Бірақ шағымданып көрмедім. Мен жалпы оның қандай нәрсе екеніне қарамақ түгілі, бұндай ғимараттардың жанынан өтуге қорқамын. Жазатайым біреудің үстіне бірдеңе құлап кететіндей”, — дейді сол ғимараттың жанындағы үйдің тұрғыны, зейнеткер Зухра Рахметолла.Сол үйде тұратын азаматтардың айтуынша, ғимараттың иісіне байланысты шағымдардан соң, бір аптадан кейін қайта хабарласып жауап берген. Алайда, iKomek қызметкері онда ешқандай қалдықтар төгілмейтінін, иістің пәтер маңындағы көлік жөндеу орталығынан шығуы мүмкін екенін айтқан. [caption id="attachment_9598" align="alignnone" width="1280"] Ғимараттың А. Жұбанов көшесі бойында орналасқан тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен көрінісі. Фото: Мақпал Батталова[/caption] iKomek операторы редакция тілшісіне шағым түскен күні сол маңда тазалық шаралары ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Ал түсініксіз иіс неден шығуы мүмкіндігіне қатысты мардымды жауап айта алмады. Тұрғындардың айтуынша, үйдің маңындағы түсініксіз иіс қоқыстікіне мүлдем ұқсамайды. Қышқылтым иіс тек белгілі бір уақыттарда ғана қолқаны алатын көрінеді. Зауыт ғасыр тарихы бар “Қазвторчермет” АҚ меншігіне жатады. Ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, мекеме 1923 жылы “Рудметаллторг” деген атпен құрылған. Алайда, қазір зауыт жұмысы мүлде тоқтаған. Сол ғимаратқа жауапты кеңсе қызметкерінің бірі телефон арқылы редакция тілшісіне “бұл ескі ғимаратта қазір металл өңделмейтінін, оны өзге жекеменшік компанияларға жалға беріп отырғанын” айтты.
“Тұрғындардың алаңдауына келсек, ол жерде нақты қандай қоқыстар сұрыпталып жатқанынан бейхабармыз. Нақты деректерді кеңсенің өзіне келіп біле аласыздар”, — деді ол.Редакция тілшісі компания қызметкерлерінің кеңсесіне үшінші рет барғанда ғана сөйлесе алды. Қысқа диалогтан белгілі болғандай, аталған ескі ғимаратта қазір металл өңдеу жүргізілмейді екен. “Қазвторчермет” АҚ жұмысын тоқтатқанына біраз болыпты. Ал жалға алушы компаниялардың онда немен айналысатынына қатысты тілші сұрағына кеңсе қызметкері жауап беруден бас тартты. Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы департаменті өкілінің айтуынша, “арнайы жоспар бойынша, келешекте бұл жерде жатақхана, паркингі бар бизнес орталық пен кеңселер салынады деп қарастырылған”. [caption id="attachment_9599" align="alignnone" width="1280"] Абай даңғылы бойындағы “Қазвторчермет” АҚ кеңсесінің алды. Фото: Мақпал Батталова[/caption] Жақында жасылдар партиясы ретінде ресми тіркелген “Байтақ-Болашақ” экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртай зауыттан химиялық элементтер бөлінуі ықтималдығы барын, оның айналасында тұратын адамдар денсаулығына қауіпті екендігін айтты.
“Бұл мәселе бойынша, егер зауыт орналасқан жер белгілі бір талаптарға сәйкес болмаса, Экология министрлігі шаралар қолданып, зауытты көшіру мәселесін бірлесіп көтеруіміз керек. Қажет болса, лабароториялық тексерістен өткізіп, мәселені жан-жақты зерделеу өте маңызды”, — деді ол редакция тілшісіне.Риза Қаратай есімді урбанист ескі ғимарат жарамдылығын тексеру керек екенін айтады. Ол жарамсыз хәлде болса, айналасындағы тұрғындарға, аулада ойнаған балаларға қауіп төнідіретінін жеткізді.
“Менің ойымша, осындай ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіру шараларын жасау керек. Өйткені, оларды салу үшін осыған дейін инженерлік жүйелер тартылған. Бізде оларды қайта салуға мүмкіндіктер бар”, — деді сарапшы өз сөзінде.Экология және табиғи ресурстар министрлігі “Қазвторчермет” АҚ осы күнге дейін экологияға еш зиян келтірмегенін мәлімдеді. Ғимараттағы өндіріске қатысты еш шағым түспегенін де жеткізді.
“Ол жерді бақылау үшін экологиялық полицияға хабарласып, арнайы тексеріс жүргізу ашу керек болады”, — деді министрлік өкілі Newsroom тілшісіне.Ғимараттың құлау қаупі бар-жоғын, ішінен шығатын иіс неден екенін әзірге анықтау мүмкін болмады. Алайда қала тұрғындары бұл мәселенің жауапсыз қалмайтынына үміттенеді.