Астанадағы жылы аялдамалар тазалығы сын көтере ме?
Астанадағы жылы аялдамалар тазалығы сын көтере ме?
Әмина Козбакова. KAZGUU Newsroom
Қала тұрғындары суықта пана болар аялдамалардың аздығына, ал кейбірінің жай-күйі, тазалығы сын көтермейтініне жиі шағымданады. Астана қаласы аудан әкімдіктері тапсырыс алған жеке компанияларға сілтейді. Ал олар өз міндетін атқарып отырғанын айтады.
“Мұндай аялдамалардың ішіне кіруге қорқатын болдық. Қашан қарасаң да ішінің бәрі қоқысқа толы. Бөтелкелер, темекі қалдықтары, кәмпиттің қағаздары айлап жата береді. Кейде оларды шамам жеткенше өзім жинап жүремін. Бірақ иісіне шыдау мүмкін емес… Тіпті далада аяз болса да, жағымсыз иіс үшін ішіне ешкім кірмейді”, — деді А.Бараев көшесіндегі аялдамада тұрған Алмас Рымбек есімді қала тұрғыны.
Ол жұмысқа баруы үшін күнде сол аялдамадан автобусқа мінетінін, бірде-бір рет ішінің тазаланып жатқанын көрмегенін айтады.
Ал Сабина есімді өзге бір қоғамдық транспорт пайдаланушысы ерте таңда университетке баратынын, автобус күткенде кейде тоңып қалатынын жасырмады.
“Амалсыздан жылы аялдаманың ішіне кіремін. Кейде ішінде үйсіз адамдар жатады. Сондықтан орындыққа отыруға қорқамын. Негізі олардың осылай жылынатын жері бар болғаны жақсы ғой. Бірақ қыз болған соң олардан қорқамын”, — деді ол Newsroom тілшісіне.
Майра Алтынбекова есімді қала тұрғыны аялдамаларды тазалауда алалау бар екенін айтады. Оның ойынша, қаланың сол жағалауында орналасқан аялдамалар оң жағалаудағыларға қарағанда әлдеқайда таза болады екен.
Бүгінде елордада жалпы 1091 аялдама пункті бар болса, оның ішінде жылы аялдамалар саны — 196. Оның 32-сі жеке кәсіпкерлер қаржысына коммерциялық мақсатта орнатылған. Қала әкіміне қарасты басылымның жазуынша, 28 жылы аялдама стандартқа сай болмағаны үшін әлі қосылмапты.
[caption id="attachment_9620" align="alignnone" width="1280"] «Құрылыс – техникалық колледжі» аялдамасының іші. Фото: Әмина Қозбақова[/caption]
Редакция тілшісі олардың тазалығына жауаптыларды анықтауға тырысты.
Астана қаласы әкімдігінің өкілі жылы аялдамалар тазалығын ұйымдастыру әрі қадағалау аудан әкімдігі құзіретіне кіретінін мәлімдеді. Өз кезегінде аудан әкімдері тазалау қызметін мердігерлік компанияларға жүктейді екен. Мысалы, жергілікті билік өкілдерінің мәліметіне орай, Алматы және Сарыарқа аудандары бойынша аялдама тазалығына “Гарант Строй Инвест” ЖШС-і жауапты. Есіл ауданы бойынша мұндай жұмысты “Карсак 2015” ЖШС-і қадағалайды.
Мемлекеттік сатып алу келісіміне орай, мердігерлік ұйым конкурс арқылы таңдалады екен. Ондағы талаптарға байланысты аптасына кем дегенде екі рет аялдама іші тазартылып тұруы керек. Алматы ауданы әкімдігі келісім құнын коммерциялық құпияға сілтеп, ақпарат бере алмайтынын айтты. Мемлекеттік сатып алу порталында да бұл келісімдер жайлы ақпарат табылмады.
Ал Байқоңыр ауданының аумағында 18 жылы аялдама павильоны бар. Жергілікті билік өкілінің айтуынша, аудан әкімдігі аялдама павильондарына қызмет көрсету және күтіп ұстау үшін жылына бюджеттен 30 млн. теңгеден аспайтын қаражат бөледі. Тазалық жұмыстарын әкімдіктің өндірістік-техникалық бөлімі жүргізеді. Тапсырыс алушы серіктес компания әзірге анықталмапты.
“Қазіргі таңда әкімдік аялдамаларға қызмет көрсететін компанияны анықтау бойынша конкурстық шаралар өткізуде”, — деп жауап берді аудан әкімдігінің өкілі.Аялдамаларға қатысты халықты алаңдатар тағы бір мәселе — повильондардың техникалық қамтамасыз етілуі. Астана қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, әрбір жылы аялдама жылыту, жарықтандыру, бейнебақылау қондырғыларымен қоса, арнайы USB ұяшықтары және WI-Fi-мен қамтамасыз етілген. Алайда бұл ақпаратты анықтау кезінде, Newsroom тілшісі бірнеше аялдамадағы жылыту қондырғылары істемей тұрғанын, тіпті кондиционерлердің үстін қалың шаң басып қалғанын анықтады. Соның нәтижесінде аялдама ішіндегі ауа температурасы даладағы ауамен (-14 градус) бірдей болып шықты. [caption id="attachment_9619" align="alignnone" width="1280"] А.Бараев көшесі аялдамасының іші. Фото: Әмина Қозбақова[/caption] Тағы бір айта кететін жайт, аялдамалардың көбінде USB ұяшықтары жұмыс істемейді. Есігі немесе шыны қабырғалары сынған аялдамалар да бар. Оның ішінде халық көп қатынайтын “КАЗГЮУ университеті”, “А.Бараев”, “Жастар”, “Keruen City сауда, ойын-сауық орталығы” аялдамалары бар. Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, әрбір аялдаманың құны — 10-12 млн. теңге. Қаражат жергілікті бюджеттен алынады. Жергілікті билік жеке инвестициялар арқылы павильондар орнату бойынша “Astana” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен жоба жасаған еді. Аталған корпорацияның басқарма төрағасының инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша орынбасары Эльдар Ғарифуллинның айтуынша, қазір бұл жоба тоқтатылған. Коммерциялық аялдамалар туралы өзге бір Newsroom зерттеуінде оларды орнатумен айналысқан кәсіпкерлер кей өңірде бұл жобаға жұмсалған қаржы ақталмағанын мәлімдеген болатын. Сондықтан бұрын қойылған кейбір жылы аялдамалар орнынан қайта алынған. Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұралы Тәңірберген өткен жылы қала бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу, қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдіктерді ішу сияқты 42 мың қоғамдық тәртіп бұзушылық анықтағанын мәлімдеді.
“Егер аялдама ішін сындырып, вандализм немесе төбелес орын алса, бұл азаматтарға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы “ұсақ бұзақылық” бойынша жаза көзделеді. Бұл заң бұзушылық бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 10 күнге қамауға алынады”, — деді қалалық полиция өкілі.