Жаңалықтар

Қазақстандағы барлық мектептің қауіпсіздігі тексеріледі

Қазақстандағы барлық мектептің қауіпсіздігі тексеріледі

Оқу-ағарту министрлігі Петропавл мектебіндегі төтенше жағдайдан кейін еліміздегі барлық мектепте қауіпсіздікті тексеру жұмысы жүргізілетінін хабарлады. Atameken.business жазуынша, Бүгін  Петропавл қаласының №4 орта мектебінде 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, үш баланы жарақаттады. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Үшінші оқушыға медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалды. Алдын ала ақпаратқа сүйенсек, мектепке балтамен келген оқушы психиатриялық есепте тұрған. Жасөспірім ұсталды. Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға байланысты комиссия құрылды. Оның құрамында балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері бар.
"Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздің барлық жалпы білім беретін мектебінде қауіпсіздікті тексеру жұмысын жүргізу тапсырылды", - делінген хабарламада.
Ведомство мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі жұмыс істейтінін атап өтті. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.