Жаңалықтар

Қостанайда ресейлік азаматтың 85 млн теңге болатын мүлкі тәркіленді

Қостанайда ресейлік азаматтың 85 млн теңге болатын мүлкі тәркіленді

Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті «KZobmen.com», «KZobmen Ltd» крипто айырбастау пункттері арқылы цифрлық активтермен тыйым салынған кәсіпкерлік қызметтің тағы бір фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
«Ресей Федерациясының азаматы 2020 жылдың шілдесі мен 2023 жылдың қаңтары аралығында заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде аса ірі көлемде 180 миллион теңгеден астам сомаға табыс алғаны анықталды. Сот үкімі бойынша күдіктінің 85 миллион теңге көлеміндегі жылжымайтын мүлкі, оның ішінде «Binance» крипто биржасының платформасында орналастырылған цифрлық активтері (криптовалюта) тәркіленді», - делінген агенттік хабарламасында.
Құқық бұзушы бес заңсыз криптовалюта айырбастау пунктіне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында анықталды.
«Оның бес заңсыз криптовалюта айырбастау пунктіне қатысты қылмыстық ісі тергеу барысында анықталды, іс аясында криптовалюта айырбастау пункттері арқылы цифрлық активтермен тыйым салынған кәсіпкерлік қызметпен айналысқан бір топ тұлғаның қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, басқа да мәліметтер ашып көрсетуге жатпайды», - делінген хабарламада.
ҚМА көлеңкелі экономикамен күрес жұмысын жалғастыратын болады. Өткен жылдың өзінде ғана Агенттік қабылдаған шаралар кешені көлеңкелі экономика деңгейін 19,7%-ға дейін төмендетуге оң әсер етті, бұл ретте болжамдық мән 21,5%-ды құрады.