
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты соталды тергеп-тексеру бастады, – деп хабарлайды Taulik.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне сай әрекет етіп, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз берген. Бұрын жүргізілген барлау дерегі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған.
Биыл 7 қарашада лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев ұсталған.
«Тергеу сот санкциясымен Тимур Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және бұғатталды», – делінген ведомство хабарламасында.
Тергеу жалғасып жатқаны белгілі болды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейтіні хабарланды.
Taulik.kz