Жаңалықтар

«Екінші, үшінші әйелдерді заңдастыру керек» – Омар Жәлел әйелдері туралы айтты

"Қазақтың санын көбейту басты мақсатым” – Омар Жәлел

Белгілі ғалым, Абайтанушы Омар Жәлел әйелдері мен көпәйелділікті заңдастыру туралы ойын айтты, деп жазады Taulik.kz. 

Massaget.kz жазуынша, ол әзірге осы үш әйелімен тоқтайтынын жеткізген. Бірақ сырын әйелдеріне емес, тек Алламен ғана бөліседі екен.

"Үш әйелім бар. Сырымды Аллаға ғана айтамын. Әйелдеріме сыр айтқан күні тұлға, адам ретінде өлемін. Әзірге үш әйелді бақытты қылсам, жеткілікті деп ойлаймын. Осымен тоқтап отырмын. Күнәм мен қатем көп. Бірақ отбасыма адалдығымды олар айту керек. Бәйбішемнің алдындағы жауапкершілікті сезінемін. Бірақ адалмын деп айта алмаймын", - деді ол.

Оның басты мақсаты - қазақтың санын көбейту.

"Екінші әйелім ұрпақ сүймеген, бұрын тұрмыс құрған кісі. Қазір 1 ұл ,1 қызым бар. Тағы аяғы ауыр. Үшінші әйелімнің өзінің екі баласы бар. Ол кісіден де ұрпақ сүю ниетімізде бар. Мақсатым - қазақтың санын көбейту. Жалпы мен жас қыздарға емес, өмірде жолы болмаған қыздарға үйлендім. Негізі екінші, үшінші әйелдерді заңдастыру керек деп ойлаймын", - деді ғалым.

Сондай-ақ ол тұрмысқа шықпаған жасы келген қыздарға қалай да ұл бала туып алу керегін айтты.

"Жұрт не дейді деп қорқып, Құдайдың бұйрығын орындамай отырған қыздар бар. Уақыт өтіп кетіп, тұрмысқа шықпайды. Бала табайын десе, қоғамдағы сыбыс пен өсектен қорқады. Сөйтіп, қартайғанда жалғыз қалады. Қазақта "Ойнас қыл да, ұл тап" деген сөз бар. "Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан". Ыммен айтып отырмын. Оны түсіну үшін адамда ілім болу керек. Мұндай қыздарға қалай да болсын ұл тауып ал деп айтар едім. Негізі, бұл құпия нәрсе. Мұны түсінген адам өзінің ақылы, түйсігімен шешеді. Талай әйелдерді білемін. Бір мысал айтайын. Тұрмысқа шыға алмаған  жасы келген қыз өзі жақсы көретін беделді еркектен ұл туып алды. Ол ешқандай шарт қоймады. Бастысы ниеті дұрыс болды. Себебі оған ұрпақ керек болды. Қазір ешкімнен кем емес. Ұлды өсіріп, келін түсіріп, немере  сүйіп отыр", - деді ол.