Білім

Алматы облысында 609 млн теңге жұмыс істемейтін мұғалімдерге төленген

Осы фактілер бойынша 6 бухгалтерге қатысты қылмыстық істер тіркелді

Алматы облысында 609 млн теңге жұмыс істемейтін мұғалімдерге төленген. Бұл туралы Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Серік Орымбетов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жүргізілген сыртқы талдау барысында 609 млн теңгеден астам қаражат  жалақы түрінде аударылған 13 «өлі жан» анықталды. Осы фактілер бойынша 6 бухгалтерге қатысты қылмыстық істер тіркелген.

Олардың біреуіне қатысты 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, сот үкімі шығарылды. 81 млн теңге шығын толығымен өтелді. 

«Сондай-ақ, бухгалтерлер мұғалімдермен келісе отырып, жоғары жалақы төлегені туралы 4 факт бар. Мұндай бұзушылықтардың жалпы сомасы 81 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бір факт бойынша бухгалтер мен 4 мұғалім 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 62 млн теңге көлемінде келтірілген залал толығымен өтелді», - деді Серік Орымбетов.

Белгілі болғандай, бұл фактілерге адами фактордың болуы және «Парус-Каз» бен «1С» жүйелерінде қазынашылық базаларымен интеграцияның болмауы себеп болды.