Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойды

15 қазан, 2024 / Гауһар Есенгелдіқызы
Заң әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.

Заңның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату. 

“Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты”, – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:

Жалпы заңда 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекске және 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 

Сонымен қатар, заңға енгізілген түзетулер өзіне қол жұмсағаны, өзін-өзі өлтіруге итермелегені немесе өзіне қол жұмсауға ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру/шектеу, кәмелетке толмағанға қатысты – 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Заңда суицидті насихаттағаны үшін жаза енгізілген. Бұл үшін қылмыскерге 200 АЕК дейін айыппұл салынады. Егер үгіт-насихат өзіне-өзі қол жұмсауға итермелесе, 1 жылға дейін бас бостандығынан шектеу/ айыру, егер ол өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соқтырса 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. 

Заңның тағы бір маңызды бағыты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді еліміздің облыстарының әрбір ауданында Отбасын қолдау орталықтары ашылады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте кезден анықтау бойынша мобильді топтар құрылады. 

Қудалау туралы сөзге келгенде, кәмелетке толмағандарды қорқытқаны үшін 10-нан 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата - аналарына немесе басқа заңды өкілдеріне 10 АЕК айыппұл салынады, ал 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен ертіп жүруінсіз мәжбүрлеп түсіргені үшін – 5 АЕК айыппұл салынады.

Барлық типтегі және нысандағы интернаттарда тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында алдын-ала ескертусіз мемлекеттік бақылау енгізіледі, ал балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдардың қызметін жүзеге асыру лицензия негізінде ғана ұсынылады.

16 жасқа дейінгі балаларды жыныстық сипатта қорлағаны үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу, кәмелетке толмағанды заңсыз түрде бас бостандығынан айыру үшін - 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмағанды ұрлағаны үшін – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Тэгтер:

Тоқаев заң сенат