«Ханзада Жумоңгты көрдік»: ұлт үшін еңбек еткен қазақтың Данасын ше?
KAIST-тың Қазақстанда ашылуы үшін еңбектенген қазақтың Данасы
Қазақстанға Корея республикасының президенті бастаған делегация мемлекеттік сапармен келіп-кетті. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты бекітуде бірнеше құжаттарға қол қойылды. Алайда арнайы келген актер Сон Иль Гук («Ханзада Жумоңг» сериалымен танылған) және тазымен суретке түскен Оңтүстік Кореяның бірінші ханымы Ким Кон Хи БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. Дәл осы ақпарат ағынының астында қазақтың Дана Молдақұлова есімді қызы қалып қойғанын бірі білсе, бірі білмес.
Екі ел арасындағы маңызды құжаттардың бірі әрі бірегейі Кореяның KAIST университетінің Қазақстанда филиалы ашылмақ. Осы университеттің елімізде ашылуына бірден-бір атсалысқан, бастама көтеріп, қанша жыл еңбектенген қазақтың Данасы дәл сол KAIST университетінің түлегі.
Taulik.kz редакциясы Данамен хабарласып, бірнеше сұраққа жауап алды.
— KAIST университеті әлемдегі беделді университеттердің қатарына кіретін оқу орны. Мұндай оқу орнының елімізде ашылуы, тіпті жобасын дайындап, келісім жасаудың өзі үлкен ерлік. Ұлттың болашағы үшін жасалған бұл қадамға қалай келдіңіздер?
— 2019 жылы Air Astana компаниясында жұмыс істеп, бала күтімімен демалысқа шығып жатқан кезімде әлемде болып жатқан ауқымды өзгерістерге сай білімімді жетілдіруім керек деген ойға келдім. Отбасыммен, күйеуіммен ақылдаса отырып, қазіргі таңда IT, инженерия, инновация бойынша Азия елдері көш бастап тұрғандықтан, сол елдерге барып, оқу керек екенін түсіндік. Зерттеу жасай келе, KAIST университетімен жақын таныстым. Небәрі 50 жылда тарихын тереңге жайған, 300 жылдық тарихы бар Гарвард, MIT секілді университеттермен иық тірескен екен. Әлем бойынша инновацияның нақты өлшемі саналатын «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАТЕНТ» бойынша ТОП-20-ға кіреді. MIT жылына 180 патент тіркесе, KAIST 160 патент тіркейді. Бұл — таңғажайып көрсеткіш. Сөйтіп, дәл осы оқу орнына тапсырамын деген шешімге келдім.
Оқуға тапсыру оңай болмады. Әдетте, оқуға тапсыру үшін тек алдыңғы оқу орынның GPA, мотивациялық хат, ұсыныс хат жеткілікті болса, KAIST үшін ең басты талап — талапкерді өз бақылауына алып, зерттеу бойынша бағыт-бағдар беретін супервайзердің қабылдауы екен. Ешбір студент өздігімен тек сабақты тыңдап, емтихан тапсырып жүре алмайды. Әрбір студент сабақтан бөлек бар уақытын лабораторияда отырып, зерттеумен айналысуға жұмсауы керек. Яғни, зерттеу — толыққанды жұмыс іспетті. Мен бұрын соңды мұндай мәдениетті өз тәжірибемде көрмеген екенмін.
НАҒЫЗ ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН ТҮСІНДІМ
Сөйтіп, 2 жыл бойы бұл оқу орнында өз біліктілігімді жетілдіріп, нағыз зерттеудің қандай болатынын толық түсіндім. Сол кезде дәл осындай оқу орын бізде де ашылса екен деген арман пайда болды.
Бағымызға орай, елге 2022 жылы қайтып келген кезде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отандық ғылымды бәсекеге қабілетті қылу үшін, инженерия, техникалық мамандықтарды халықаралық стандарттарға сай оқыту үшін, еліміздің инновациялық қабілетін арттыру үшін шетелдік оқу орындардың филиалдарын ашу қажет екендігін өз жолдауында атап өткен еді. KAIST университеті бұл стратегияға ең сай келетін, іс жүзінде нәтиже көруімізге негіз бола алатын ең мықты серіктес екенін бірден түсіндім. Оның үстіне, президент әлемнің ең озық, яғни 100-дікке кіретін оқу орындары болу керектігін де атап өтті. Сөйтіп, Hanyang University түлегі Данияр Әнуарұлы екеуміз ақырындап іске кірістік.
KAIST УНИВЕРСИТЕТІНЕ ТАЛАС КӨП
KAIST университетінде ең үздік студенттердің бірі болып, университет президенттің қолынан сыйлық алып, тамаша байланыс орнатқандықтан, бірнеше хат жолдап, Қазақстанмен жұмыс жасаудың артықшылықтарын, мүмкіндіктерін жеткізуге ұмтылдық. Сөйтсек, KAIST-тың өз елдеріне ашылуына әлемдік талас болып жатыр екен. Мәселен, Өзбекстан 2016 жылдан бері хаттар жолдап, келіссөздер жүргізген. Өзге де бірнеше елдер көз тігіп, барынша өз жақтарына тартуға ұмтылған екен. Бірақ біз оңайшылдықпен берілмейтінімізге уәде бердік. Бір жағынан KAIST университетінің басшылығына хаттар жолдап, екінші жақтан Қазақстан республикасының Жоғары Білім және Ғылым министрлігіне де қайта-қайта хат жолдадық. Басында оңай болмады. Кейін екі жақты да көндіріп, ең алғашқы біріккен онлайн жиын өткіздік. Бұл мезетте жобаға инвесторлар да іздедік. Тіпті мұндай атақты, белді оқу орнын көндіруге болатынына ешкім сенбей де қойды, шыны керек. Түсінгеніміз, әр істе-табандылық, мақсатыңа деген адалдық ең маңызды.
ҚИЫНДЫҚПЕН ЖЕТКЕН МЕМОРАНДУМ
Президенттің айтқан тапсырмасын іс жүзінде орындап, еліміздің ғылымын, технологиясын, инновациясын дамытуға тек KAIST секілді университет қолдау көрсете алатынына біз шүбәсіз сендік. Міне, дәл солай жобаны қаржыландыратын инвесторды да тауып, Министр мызрамен бірге биыл сәуір айында Корей республикасына аттанып, екіжақты келісімнің алғашқы нық қадамын жасап кеттік. Жұлдызымыз жанып, маусым айында Кореяның президенті бастаған делегация Қазақстанға келе жатқанын білдік. Сол делегацияның құрамында KAIST басшылығы, Корей елінің Ғылым және ақпараттық-коммуникация министрі бірге келетін болды. Сол кісілермен бірге, біздің Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, Корей елінде оқыған, KAIST университетін тәмамдаған ең үздік түлектердің басын қосып, тамаша ойлар мен идеяларға толы дөңгелек үстел өткіздік. Әрине, бәрі еш қиындықсыз өтті деп айта алмаймыз. Дегенмен, Корей елінің алдында барынша абыройымызды биік қылып көрсетуге ұмтылып, қажетті құжаттар мен жұмыстардың барлығын реттеп отырып, жақында KAIST және Қазақстан арасында меморандумға қол қойып шықтық. Бұл-расында да, үлкен жеңіс. Бұл жобаның тарихы дәл осылай басталды…
— KAIST университеті туралы айтып берсеңіз. Олардан үйренеріміз көп, дегенмен нақты ерекшеліктерін айтып өтсеңіз?
— Жоғарыда атап өткенімдей, KAIST университеті Кореяда да, әлемде де бірегей, дара оқу орын болып саналады. Әсіресе, Корей халқы бұл университетті ерекше құрметтеп, әрдайым басын иіп жүреді. Кезінде 1960 жылдары Корей соғысынан Оңтүстік Корея орасан зардап шегіп, әлемнің ең кедей елдерінің біріне айналған еді. Қазақтың «Ақтабан шұбырындысындай» аштық орын алып, күллі халық лашықтарда өмір сүрген. Сол кезде еш қиындыққа қарамастан, ұлт болып, ел болып білімге бар күшімізді жұмсау керек деген идеология жүргізілді.
ӘЛЕМГЕ ТАРАЛҒАН ЧИП ТЕХНОЛОГИЯ
Елінде ешбір қазба байлық жоқ, мал өсіріп, ас қылатын кең-байтақ жайылымдары жоқ ел тек адами капиталды дамытудың арқасында таңғажайып даму мен экономикалық өсімге қол жеткізді. Ал, енді дәл осы прогресс пен дамуда ең шешуші, маңызды рөлді атқарған жер бұл — KAIST университеті. 1970 жылы негізі қаланғаннан кейін, сол жердегі ғалымдар күндіз-түні зерттеу жасаумен айналысты. Ол кезде елде технологияның иісі де жоқ. KAIST-тың алғашқы профессорларының еңбектенгені соншалық, естеліктері бойынша абақтыда отырған адамдардың өмірі жеңілдеу болып көрінетін дейді-мыс. Қажырлы еңбек өз жемісін берді. Небәрі 10 жылдың ішінде Ким Чоң Ки бастаған бір топ профессорлар елінің болашақ тағдырын шешіп берген әйгілі чип технологиясын ойлап тапты. Кейін сол технологияны Samsung компаниясы ауқымды деңгейде өндіріп, бүкіл әлемге экспортқа шығарды. Қазіргі біз қолданып жүрген смартфон, компьютер секілді гаджеттердің барлығы сол чиптардың негізінде жұмыс жасайды.
КОРЕЯНЫҢ «МИЫ»
Бүгінгі күнге дейін, Корей елі чип экспорттаушы ең ірі ел атағына ие. Міне, осылайша KAIST университетінің ғылыми зерттеулері мен жаңалықтары бүкіл елдің тағдырына елеулі, ғажайып үлес қосты. Ал, енді қазіргі рейтингтерді атап өтетін болсақ, KAIST университеті QS University Subject Rating нәтижесі бойынша, инженерия саласында әлемде 13 орынға, 50 жасқа дейінгі жас университеттердің рейтингі бойынша әлемде 3 орынға, ал ең инновациялық университеттердің ішінде Thomson Reuters бағасы бойынша 34 орынды иеленіп отыр. Кореяның «миы», дамуының қозғаушы күші атағына да ие. Әлемнің ең үздік оқу орындарының жалпы рейтингінде 53 орында тұр. Кореяның алпауыт Samsung, LG, Hyundai секілді компаниялардың басшылары, зерттеушілерінің барлығы осы оқу орынның түлектері және технологияларының басым бөлігі KAIST университетінің лабораторияларында ойлап табылады. Сондықтан, тарихы, жетістігі бойынша дәл KAIST секілді оқу орынның бағдарламасын, ғылыми базасын біз өз елімізге алып келіп, толыққанды енгізе алатын болсақ, қандай жетістікке жете алатынымызды өзіңіз елестете беріңіз. Олардың көмегімен, біз тіпті кезінде KAIST-тың өзінен де жылдам мерзімде жаңа зерттеу бағыттарының негізін қалап, олардың жемісін көре алатын боламыз деп сенемін.
— Корея республикасының президенті бастаған делегация Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп-кетті. Екі ел арасындағы ғылымды дамытуға қатысты нақты қандай шешімдер қабылданды?
— Иә, Оңтүстік Корея президенті бастаған делегацияның құрамында ғылым және ақпараттық технологиялар министрі және KAIST басшылығы келген болатын. Меморандум аясында, екі ел арасында жоғары білім саласындағы саясатты жоспарлау және инновациялық технологияларды енгізу, зерттеу жұмыстарын дамыту, ғалымдарды оқыту және оларды тағылымдамалардан өткізуді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықтың нақты қадамдары талқыланды.
— Қай жақтың тумасы боласыз? Отбасыңыз, білім алған ортаңыз туралы айтсаңыз?
— Мен Семей қаласында дүниеге келдім. 5 жасымда ата-анам ажырасып, екі бөлек отбасын құрып кетті. Ал, мен 5 жасымнан нағашы апам мен атамның қолында тәрбиелендім. Тұлға болып қалыптасуымда, білім алуға деген ұмтылысымда апамның және атамның қолдауы орасан зор. Ол кісілер зейнеткер болғандарына қарамастан, сол зейнатықының үлкен бөлігін менің кітаптарыма, қосымша сабақтарыма жұмсауға аянбады. Білімнің қадірін өте жақсы түсінетін кісілер еді. Маған әрдайым: «Дана, сен тек өз күшіңе, біліміңе ғана сене аласың. Басқа еш сенерің жоқ»,— деп айтып отыратын.
ҚАЗАҚСТАН-АҚШ-КОРЕЯ ЕЛДЕРІНДЕ БІЛІМ АЛҒАН ДАНА
Сабақты әрдайым үздік оқыдым. 7 сыныпты аяқтағаннан кейін, Семейдің қарапайым мектебіндегі білім тым оңай берілетінін түсінгеннен кейін, бағымды сынап, Алматы қаласында орналасқан республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға тапсырдым. Апам екеуміз пойызбен алғашқы рет Алматыға келгеніміз есімде. Сөйтіп, ол мектептің емтихандарын сәтті тапсырып, апам мен атамнан жырақта интернаттағы өмір басталды. Ол жерде қазақи тәрбиені молынан алдық, әрі әртүрлі сайыстарға қатысып, қабілетіміз бен білімімізді ұштадық. 11 сыныпта ҰБТ-дан 125 баллдан 121 балл алып, «Алтын белгімді» қорғап шықтым. Бағыма орай, КИМЭП университетінің дарынды балаларға арналған 5 жылдық грантын ұтып алып, ең ауқатты балалардың ортасында, еліміздің белді оқу орындарынның бірінде тегін білім алдым. Көріп тұрғандарыңыздай, білім — ол ең дұрыс, нәтижелі инвестиция. Білімге жұмсалған күш пен қаражат әрқашан өз жемісін молынан береді. Оқу барысында алғашқы рет Корей еліне студент алмасу бағдарламасы бойынша Kyung Hee университетінде оқыдым. Содан кейін, тіпті АҚШ елінде белді SUSI бағдарламасы бойынша Seattle қаласында білім алып келдім. Оқуды аяқтағаннан кейін одан да тамаша, бала кезде тіпті армандап көрмеген мүмкіндіктер аллдымнан шықты. Әлемнің ең танымал компаниялардың бірі — PricewaterhouseCoopers-ке жұмысқа тұруға шақырту алдым. Ол жерде аудитор болып жұмыс істедім.
Менің өмірім үшін ең құнды тәжірибенің бірі болды. Бір үлкен әрекет, табандылық өзінен кейін осылайша жаңа есіктерді ашып, әлеуметтік лифт бойынша көтерілуге мүмкіндік береді екен, расында да. Қызмет арасында күйеуге де тиіп, екі балапанның анасы атандым. KAIST университетіне тапсырған кезде біз Корей еліне барлық отбасымызбен, жолдасыммен және екі баламмен бірге бардық. Сонда бұл білім мен өмірлік тәжірибені тек мен ғана емес, өсіп келе жатқан еліміздің болашақ екі кішкентай азаматы да қатар алып шықты. Отбасымен бірге оқу оқып, мақсатқа қарай ұмтылуға қорықпау керек екен. Қайта мұндай жағдайда оқудың берер әсері бірнеше есе артық болады.
— Тек ғылым жолында ғана емес, қаржы саласында, инвестиция жасаудың тиімді жолдарын үйретесіз. Бәріне қалай үлгересіз?
— Иә, бүгінгі заман — малтитаскинг, әмбебаптылықты, жан-жақтылықты талап етеді. Яғни, бұрынғыдай бір саланы бакалавр деңгейінде оқып, өмір бойы тек сол саланың, компанияның маманы бола аламыз деп жоспар құра алмаймыз. Жасанды интеллект пен технологиялық революцияның салдарынан мамандықтар күн сайын түрленіп, тіпті басым бөлігі жойылып та жүр. Бұл үрдіс енді өміріміздің ажырамас бөлігі болады. Сондықтан, адамдар (мейлі, ер азамат болсын, әйел адам болсын) үздіксіз білім алуды, заман талабына сай қабілеттерді ұштап отыруды әдетке айналдыруы қажет. Мен де сондай жандардың бірімін. Жалпы, бала кезден тынбай еңбектенуге, уақытты тиімді пайдалануға үйренген секілдімін. Алдымдағы мақсат айқын, ел алдындағы миссиям, борышым барын саналы түрде түсінгендіктен, отбасылық міндеттерді де, ғылымды да, университетте сабақ беріп, әлеуметтік желідегі ағартушылық қызметті және де соңғы екі жылдан бері осы KAIST жобасын да қатар алып жүруге барынша тырысып жүрмін. Әрине, бұл орайда отбасымның, жолдасымның, ата-енемнің еңбегі, қолдауы зор. Бәріміздің де ойымыз, құндылықтарымыз бір жерден шығатындықтан, жұмылып, елдің игілігі үшін тер төгуге, кейбір құрбандықтарға да баруға әрқашан дайын болып жүреміз. Негізі, ең бастысы- өмірлік мақсаттардың айқындығы. Себебі, мақсат адамды әрқашан алға сүйрейді, қанша шаршасаң да берілмеуге, ары қарай қозғалуға күш береді. Және де әр күнді жоспарлап, жүйелеу де өте маңызды. Біз отбасымызда әр күнімізді, айымызды жоспарлап, жазып жүруге тырысамыз. Сонда, ойдағы барлық іс-әрекеттер жүзеге асырылады. Ешқандай құпия жоқ. Барлығы тек ниет, әрекет және тиімді жоспарлаудың арқасы.
Қорытындылай келе, бұл бастама еліміз үшін, болашақ ұрпақ үшін игі, жемісті, ауқымды боларына кәміл сенеміз. Кезінде KAIST елінің тарихында қаншалықты шешуші, маңызды рөл атқарса, біздің ел үшін де ғылыми трансформацияның, ауқымды инновациялар мен өндіріс саласының дамуының қозғаушы күші болатынына үмітіміз зор!
— Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Марғұлан АҚАН