Ішек қатерлі ісігі жастар арасында жиілеп барады
Ғалымдар бұл аурудың дамуына ықпал ететін факторлардың бірі ретінде зиянды тағамдарды тұтыну деп айтады.
Әлемде 50 жасқа дейінгі адамдар арасында ішек қатерлі ісігі диагнозы қойылғандардың саны артып келеді, деп хабарлайды Taulik.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.
Зерттеуге қамтылған 50 елдің 27-сінде жастар арасында ішек қатерлі ісігінің көбеюі байқалған. Ең жоғары өсім Жаңа Зеландия, Чили, Пуэрто-Рико және Англияда тіркелген – жыл сайын 4%-ға дейін. Бұрын бұл ауру тек табысы жоғары елдерде жиі кездессе, енді ол Азиядан Латын Америкасына дейінгі барлық өңірлерді қамтуда.
"Колоректальды қатерлі ісіктің ерте кезеңдерде жиілеуі – жаһандық құбылыс", – деп атап өтті зерттеудің жетекші авторы және Америкалық онкология қоғамының аға ғылыми қызметкері Хьюна Сунг.
Қазақстан бұл зерттеуге кірмеген. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын онкологиялық аурулардың шамамен 40 мың жаңа жағдайы анықталады, олардың елеулі бөлігі ішек қатерлі ісігіне тиесілі.
Бұл аурудың жастар арасында көбеюінің ықтимал себептері ретінде зерттеушілер мыналарды атады:
-зиянды тағамдарды тұтыну;
-физикалық белсенділіктің төмендігі;
-артық салмақтың көбеюі.
-Ішек қатерлі ісігінің алғашқы кезеңдегі белгілері:
-тік ішектен қан кету;
-іштің ауыруы;
-ішек жұмысының өзгеруі (іш қату, диарея, ерекше бөліністер);
-ешқандай анық себепсіз дене салмағының төмендеуі.
"Жастар арасында және бастапқы медициналық көмек дәрігерлері арасында ақпараттандыруды арттыру диагностикадағы кешігуді қысқартып, өлім-жітімді азайтуға көмектеседі", – деді Хьюна Сунг.
Алайда сарапшылар 50 жасқа дейінгі адамдарда ішек қатерлі ісігінің нақты себептерін әлі анықтай алмай отыр және бұл мәселені зерттеуді жалғастыруда.