Мәдениет

Қ.Жұбанов зерттеуіндегі етістік туралы ой-тұжырымдар

Грамматика – тілдің сөз түзу құрылысын және сол құрылыстағы әрбір жүйені негіздейтін заңдылықтарды қамтитын күрделі ұғым.

Грамматиканың аясына «морфология» және «синтаксис» салалары енеді. Олардың бірінің міндеті сөздердің жеке қасиеттері мен тұлғаларын, өзгеру ерекшеліктерін зерттеу болса, екіншісінің міндеті – осы сөздердің тұтас ойды жеткізуде өзара қалай байланысатынын қарастыру. Мәтінді құрайтын жеке сөздер мен сөздер тобы белгілі бір сөз табына тиесілі болады. Қазақ мәтінін түзуде етістік сөз табы ерекше маңызға ие. Себебі етістік динамиканы, қозғалысты білідіреді. Ал мәтіннің қызметі – көбінесе айналадағы түрлі өзгерістерді, жаңалықты пайымдау, хабарлау немесе сипаттау.  Етістік – қазақ тіліндегі ауқымды әрі күрделі сөз табы. Басқа сөз таптарымен салыстыра қарағанда етістіктің категориялары мен тұлғалары мол екенін аңғаруға болады. Қазақ тіл біліміндегі көптеген терминдер секілді «етістік» атауын ғылымға енгізген – А.Байтұрсынұлы. Ғалым «Тіл-құрал» еңбегінде тұңғыш рет етістіктің толық лингвистикалық негіздемесін жасап шықты. Етістік сөз табына қатысты А.Байтұрсынұлы терминдері әлі күнге дейін белсенді қолданылып келеді. А.Байтұрсынұлының ізін ала Т.Шонанұлы, Қ.Жұбанов еңбектерінде етістік туралы ғылыми ой дами түскенін көруге болады.

Тіл білімінде жан-жақты ізденісі арқылы ерекшеленетін ғалымдардың бірі – Қ.Жұбанов. Қ.Жұбанов жалпы «грамматика» дегеніміз не деген сұраудан бастап, қазақ грамматикасын жаңа қырынан зерттеуге тырысқан. Ғалым еңбегінде етістік туралы сөз қозғағанда А.Байтұрсынұлы қалыптастырған терминдерге сүйенеді. Етістікке қатысты Қ.Жұбанов тудырған терминдер де аз емес. Мысалы, ғалым туынды түбірді «келімсек түбір» (ойна, сарғай, адамсы) деп атайды. Сонымен қатар, өсінді негіз, тұйықша, тел есімше, сүйеншек есімше, жиекше, төтенше, етістіктің өңі т.б. атауларды қолданады. Бұл терминдер грамматикада өміршең бола алмағанымен, ғалымның «етістік» туралы ой-пайымын ұғынуда, зерттеуде аса үлкен маңызға ие.

Қ.Жұбанов етістікке «етістік заттың өзгермелі белгісін көрсетеді» деген анықтама берген. Мұнда ғалым «зат» деп адамзат пен ғаламзатты қатар атап отырғаны түсінікті. Ал «өзгермелі белгі» дегені – жоғарыда атап өткен «динамика».

Қ.Жұбановтың етіс туралы тұжырымдары. Қ.Жұбановтың етіске берген «істеуші мен істелушінің арасында қандай қатынас барын көрсететін категория» деген анықтамасы әлі күнге дейін өзекті әлі дәл тұжырым саналады. Етіс категориясын сипаттауда Қ.Жұбанов А.Байтұрсынұлы үлгісімен, ең алдымен, етістерді «түп негіз етіс» және «туынды негіз етіс» деп екі топқа жіктеп алады. Алғашқысының құрамына салт және сабақты етістің енетінін айтады.  Ғалымның салт және сабақты етістіктердің басқа етіс түрлерінен ерекше екенін аңғарып бұлай жеке қарастыруы А.Байтұрсынұлы тұжырымына сай келеді. Қазақ грамматикасында сабақты және салт етістіктер қазір жеке категория саналғанымен, алғашқы грамматикалық еңбектерде, оқу құралдарында әрдайым етістің бір түріне жатқызылған. Ғалым туынды негіз деп атаған етістер қазіргі қазақ тіліндегі етіс категориясын құрайтын өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс және ортақ етісті қамтиды. Қ.Жұбановтың А.Байтұрсынұлы жіктелісіндегі сағыс, беделді және дүркінді етістерді етіс құрамынан шығарып тастауының да ғылыми негізі бар. Біріншіден, Қ.Жұбанов «өзгелік етіс» пен «беделді етістің» бір форма арқылы жасалатынын аңғарып, «өзге біреуге беделіңді саласың ба, қорқытасың ба – бәрі бір тіл мұнысын айырмайды» деп, екеуін де «өзгелік етіс» құрамында қарастырады. Екіншіден, сағыс етістің де өзгелік етіспен мәндес екенін байқап, «сағыс етіс дегенді шығарып тастадық. Үйткені, бұл – ортақ етіс пен өзгелік етістің қосылғаны (айт-ыс-тыр)» деп түйіндейді. Үшіншіден, ғалым өзгелік етіс жұрнақтарының бірінің үстіне бірі жалғана беретінін айтқан. Төртіншіден, дүркінді етісті алып тастау себебін түсіндіргенде етіс тұлғаларының барлық сөзге жалғана алуы қажет деген негізгі шартты анықтайды. Қазақ грамматикасын оқытуда, тіл үйретуде күрделі деп саналатын әрі аударуға көне бермейтін етіс категориясы туралы Қ.Жұбанов тұжырымдары «етістердің» табиғатын барынша толық сипаттаған.     

Қ.Жұбановтың етістіктің басқа категориялары туралы ой-тұжырымдары.  Етістікті Қ.Жұбанов тұйықша, есімше, көсемше деген үш түрге бөледі. Ғалымның есімшеге қатысты пікірлеріне де назар аудару қажет. Зерттеуінде Қ.Жұбанов есімше тұлғаларының ең басты ерекшелігін көрсеткен. Ол – есімше жұрнақтарының тиянақты әрі тиянақсыз болатыны. Еңбекте есімшелер тел және сүйеншек есімше деп жіктелген. -ғалы/гелі/қалы/келі, -ғанша/генше/қанша/кенше сынды сөйлемді аяқтай алмайтын, тиянақсыз тұлғаларды сүйеншек есімше деп, ал қалған формаларын тел есімше деп атаған. Сүйеншек есімшенің қатарына -ған+мен, -ған+соң сынды құранды тұлғалар да енген. Тел есімшеге дәстүрлі есімше жұрнақтарымен бірге –ғай/гей/қай/кей, -ғыр/гір/қыр/кір тұлғаларын жатқызған.  Ғалымның көсемше туралы тұжырымдарынан қазіргі шартты рай, бұйрық рай, жедел өткен шақ тұлғаларын және қалып етісіктерін көсемшеге жатқызғанын көре аламыз. Еңбекте көмекшілік қызметте жұмсалатын қалып етістіктері «көмекші төтенше» деп аталған. Қ.Жұбанов көмекші етістіктерге ерекше назар аударып, олады тура мағынасына сай келу деңгейлеріне қарай төтенше, кеміс, толық деп жіктейді. Төтеншегекөмекшілік қызметте жұмсалатын отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктері; кеміске е, де, бол, шығаретістіктері, ал толыққа ал, сал, қал, жібер, бер, қой, таста етістіктері жатқызылған. Шын мәнінде, қазақ тілінде көмекші етістіктердің бәрі бірдей мағынасын толық жойып, грамматикаланып кетпеген. Кейбірінің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы қатар сақталған, яғни грамматикалану деңгейі әртүрлі. Жоғарыдағы жіктелісі арқылы Қ.Жұбанов көмекші етістіктерге тән осы бір белгіні көрсетуге тырысқан. А.Ысқақов мағыналық ерекшелігіне байланысты көмекші етістіктерді толымды және толымсыз деп жіктейтіні белгілі.

Шақ категориясына қатысты Қ.Жұбановтың жаңаша көзқарасы нақ осы шақты қалып етістіктермен тіркесу ерекшеліктеріне байланысты төрт топқа жіктеуі деуге болады. Себебі қалып етістіктері «процесті» білдіреді десек те, олардың әрқайсының өзіндік мағыналық реңктері, уақыт шегі бар.

Қ.Жұбановтың етістік туралы зерттеуі етістік категорияларына тән белгілерді нақты анықтап беруі арқылы ерекшеленеді. Ғалым жіктеген бөліністерден етістік тұлғаларын барынша толық қамтуға тырысқанын және тұлғалардың қызметін дәл көрсетуге ұмтылғанын байқауға болады.

 

Имангазина М.А.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

Грамматика бөлімінің қызметкері