Спорт

Енді легионерлерге бюджет қаражатын жұмсау тоқтатылады

Бұдан былай легионерлерге мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қаражаты есебінен ақы төлеуге тиым салынады. Бұл туралы Taulik.kz Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, енді шетелдік спортшыларға қаражат мемлекеттік және квазимемлкеттік сектор бюджетінен емес, демеушілер есебінен төленетін болады.

Сондай-ақ, заң жобасына тағы бірқатар түзету енгізілді: 

– басым спорт түрлерінің қатарына ұлттық спорт түрлері енгізілді;

– аккредиттелген жергілікті спорт федерацияларының аккредиттелген ұлттық спорт федерациясының мүшесі болу міндеті белгіленді;

– аккредиттелген ұлттық және жергілікті спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шаралар қабылдау міндеті бекітілді;

– «мемлекеттік дене шынықтыру – спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау» ұғымы енгізілді, сондай-ақ мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау институты енгізілді;

– саланың ерекшелігін ескере отырып, бірінші басшыларды мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарына лауазымды қызметке тағайындау мен қызметінен босату тәртібін регламенттеу бойынша құзыреттер белгіленді;

– уәкілеттті органға спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарға-колледждерге оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту бойынша құзырет берілді;

– бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның спорттық іс-шараларға баруға байланысты шығындарын өтеу бойынша заңнамалық талап белгіленді;

– спортпен шұғылдану және спорттық жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жасты бекіту жөніндегі нормалар қабылданды;

– дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға басым спорт түрлерінің республикалық тізбесін және басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесін әзірлеу және бекіту, оған қоса жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізбесін, сондай-ақ оларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібін айқындау бойынша құзырет берілді;

– дене шынықтыру және спорт субъектілері, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік мекемелер ұсынатын ақылы қызметтердің тізбесі нақтыланды;

– спорттық медицинаны дамытуға, спортшыларды даярлау стандарттарын әзірлеу мен бекітуге бағытталған нормалар қарастырылған.

Айта кетейік, өткен жылы осы заң жобасына қатысты мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев сауал жолдаған болатын. Ол отандық спорт саласына бөлінетін қаржыға ашық есеп жүргізуді талап еткен болатын