Ақтаудағы Димаш қатысқан шоу: пышақ жарақаты, естен тану тіркелген
Ақтаудағы Димаш қатысқан шоуда 41 адамға жедел жәрдем көрсетілді: пышақ жарақаты, инсульт және естен тану жағдайлары тіркелді
Ақтауда өткен Димаш Құдайбергеннің қатысуымен ұйымдастырылған көпшілік шарада 100 мыңнан астам көрермен жиналды. Қала аспанында 600 дроннан тұратын әсерлі шоу көрсетіліп, жұрттың көңілін көтергенімен, бірнеше адам денсаулығына байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Бұл туралы taulik.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жедел жәрдем қызметкерлері 41 адамға медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды қалалық медициналық станция. Негізінен естен тану (обморок) жағдайлары тіркелген. Бірақ олардың арасында:
1 пышақ жарақаты,
1 инсульт белгілері,
1 жүрек ырғағының бұзылуы сияқты күрделі жағдайлар да болған.
Пышақ жарақаты алғашқыда ауыр көрінгенімен, тексеріс нәтижесінде жай ғана кесілген жара екені анықталған. Зардап шеккен адамға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, үйіне амбулаторлық емделуге жіберілді.
Инсульт белгісімен түскен азаматқа «Нейроциркуляторлық дистония» диагнозы қойылған. Бұл – вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуына байланысты ауру, көбіне шаршау, стресс, ауа райының күрт ауысуы кезінде пайда болады. Пациент те дәрігерлік тексерістен кейін үйіне қайтарылды.
Естеріңізге салайық, Ақтауда өткен бұл шоу Димаш Құдайбергеннің қатысуымен ұйымдастырылып, мыңдаған адамның қызығушылығын тудырды. Шарада дрон-шоу, концерт және мерекелік атмосфера болды. Бұл — қала тарихындағы ең ауқымды мәдени оқиғалардың бірі.