250 млн теңгеге жуық қаражат жымқырылған
«Ақтөбе» футбол клубында 250 миллион теңгеге жуық қаржы жымқырылғаны анықталып, бірден үш қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мәліметінше, клуб басшылығы трансферлік келісімдер мен авиақызметтерді сатып алуда күмәнді мәмілелер жасап, ойыншыларға арналған қаржыны жеке қажеттіліктерге жұмсаған.
Клубтағы жағдайдың мәз еместігін актюбелік прокурорлар 2024 жылдың қазан айында-ақ мәлімдеген болатын.
Ол кезде қадағалау органы «Ақтөбе» футбол клубының командасын ұшақпен тасымалдау қызметтері бірнеше делдал арқылы негізсіз қымбат бағада – 165 млн теңгеден астам сомаға сатып алынғанын анықтады.
Аталған деректер бойынша бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда уәкілетті мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру мәселесін реттеу, бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берілді.
Алайда арада өткен уақытта қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 250 млн теңгеге жетті. Сотқа дейінгі тергеу үш қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатыр. Олар:
- аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену (ҚК 189-бап, 4-бөлім, 2-тармақ),
- лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану (ҚК 361-бап, 4-бөлім, 1-тармақ),
- алаяқтық (ҚК 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ).
Тергеу барысында футболшыларды трансферлеу мен әуе тасымалдау бойынша күмәнді мәмілелер тіркелді. Сондай-ақ, ойыншыларды тамақтандыруға бөлінген қаржы клуб әкімшілігінің жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны анықталды.