Соңғы бес жылда кәмелетке толмаған 12 мың қыз жүкті болған
18 жасқа толмаған соңғы бес жылда 12 мың қыз жүкті болған.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 18 жасқа толмаған шамамен 12 мың қыз бала жүкті болған. Бұл алаңдатарлық деректі ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық белсенді. Алайда бұл белсенділік қажетті біліммен және жауапкершілікпен қатар жүріп жатқан жоқ.
«Жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулық туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру, ерте жыныстық қатынастың және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу үшін барлық жауапты тараптардың – мемлекеттік органдар, медицина мен білім беру саласы, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық серіктестердің бірлескен жұмысы қажет. Бұл тек мектеп немесе ата-ананың ғана міндеті емес. Халықтың денсаулығы – бұл барлығымызға ортақ жауапкершілік және ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі», – деді спикер.
Жұлдызай Ысқақова сонымен қатар жастардың АИТВ (адам иммунтапшылығы вирусы) және ЖИТС (жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы) туралы білімі жеткіліксіз екенін атап өтті. UNFPA (БҰҰ Халық саны қоры) зерттеулері де осыны дәлелдеген.
Бұл жағдай еліміздегі жастардың жыныстық тәрбие мен қауіпсіздік туралы білімін арттырудың аса өзекті екенін көрсетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, ерте жүктіліктің салдары тек медициналық емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға алып келуі мүмкін.
Мамандар жастар арасында ашық диалог пен сенімді ақпарат кеңістігін қалыптастыру – қазіргі қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін алға тартады. Жасөспірімдердің болашағы мен еліміздің демографиялық тұрақтылығы дәл осы маңызды бағыттағы қадамдарға байланысты болмақ.