Қазақ пен өзбекке ортақ батыр болған кімдер?
Қазақ пен өзбекке ортақ батырларды зерттеген заңгер-журналисттің еңбегін назарларыңызға ұсынамыз.
Кеңес заманында орта мектепте оқып жүргенде Ұлы Отан соғысындағы кеңес одағының батырлары қазақстандықтар мен қызылордалықтар тақырыптары мені қатты қызықтыратын еді. Олардың тізімі, өмірбаяндары мен суреттерін кез келген орта мектеп, кәсіптік училище, арнайы орта, жоғарғы оқу орындары, мұражай, қалалық партия комитеті, атқару комитеті, аудандық, қалалық, облыстық әскери комиссиарияттар, кез келген мемлекеттік мекемелер қабырғаларынан, ал Ұлы Жеңіс күні олардың суреттерін Орталық алаң мен мәңгілік алау ескерткіші жанында болатын шеруге шыққан адамдардың қолынан көруге болатын. Олар туралы көп мол мағлұмат білетін кеңес, партия, кәсіподақ, ҰОС-ның ардагері, жауынгерлік "Қызыл жұлдыз", "Отан соғысы" ордендерінің иегері, әкем Асан Қоразбаевпен пікір, ақпарат алмасатын едім. Қызылордалық батырлар Ж.Хизатовты, П.Артемовты қызмет бабында көрдім. Ж. Нүрсейтовпен бірнеше рет жеке кездестім. Кеңес заманында Ұлы Отан соғысындағы жеңіс пен соғыс ардагерлері, әсіресе кеңес одағының батырлары мемлекеттік деңгейде дәріптелетін. Олардың аты-жөндерін жатқа білетінмін, өмірбаяндарын жиі қызықтап оқып, олардың ұлтына қарамай жерлестеріміз ретінде мақтан тұтатынмын.
Өткен жылы Алматыда тұратын, Қарақалпақстан, Қазақстан Республикасының сот ардагері, белгілі адвокат Адайбек Бейімбетов ағамыздың үйінде қонақта болғанда кітаптар сөресінде тұрған бір тарихи кітапқа көзім түсіп, ат-үсті оқып шықтым. Бұл 1984 ж. Ташкентте, «Узбекистан» баспаханасында (рецензент жазушылар тарих ғылымдарының докторы, професор, Т.Д.Джураев пен тарих ғылымдарының кандидаты Н.Н. Маслов) автор Н.Г. Березнякпен құрастырылған «Герой Советского Союза Узбекистанцы» кітабы. Мақсатым, кітаптан қазақ батырлары туралы деректер табу.
Жазушылар Н.Е.Тихомолов пен Б.Х.Боксермен әдеби өңделген кітаптың мазмұнымен танысу барысында жолым болып, қазақ батырлары туралы табылған қызықты деректер мені таңқалдырды. Өзбекстан үшін тарихи маңызы бар кітаптың 119 бетінде автормен сырбойылықтар мақтаныш тұтатын кеңес одағының батыры Нағи Ильясовтың ерліктері орыс халқында батырларға қатысты қолданылатын «Мен онымен барлауға барар едім» деген қанатты сөздерімен басталған. Әрмен қарай мынандай жолдар бар екен: "Н.Ильсов 1920 ж. Қызылорда облысы Қызыл Юлдуз қыстағында дүниеге келген, ұлты қазақ, Ташкен балалар үйінің тәрбиеленушісі, Ташкен педагогика училищесінің рабфакын аяқтаған соң мектеп мұғалімі болып қызмет істеген".Әскери атағы сержант, 152 атқыштар бригадасының барлау ротасының бөлімше командирі, Ш-дәрежелі «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін» медалымен марапатталған. Әрмен қарай батырымыздың соғыс кезіндегі ерліктері көрсетілген.
Тарихи кітаптың 231 бетінде екінші сырбойылық батырымыз Жаппасбай Нүрсейтовтің 1942 жылы Ташкен облысының Орта Шыршық ауданының әскери комиссиариатымен әскерге шақырылғандығы, ҰОС кезіндегі ерлігі баяндалған. Соғыстан кейін оның Киров совхозында (қай республиканың, қай облысының қай ауданы екені көрсетілмеген) жұмыс істегені, бірақ батырдың өмірбаяны көрсетілмеген.
Қос батырымыздың соғыста көрсеткен ерліктері көптеген кітаптарда, ғаламторда жазылғаннан кейін кітапта келтірілген олардың ерліктерін қайталамауды жөн көрдім.
Википедия-ашық энциклопедия деректеріне сәйкес Н.Ильясов Қызылорда облысының Тереңөзек ауданының «Красная коммуна» колхозының № 8 ауылында туылған. Қазақстанда алғашқы болып ашылған Арыс балалар үйінде (бүгінде Тәжібаев атындағы №1 балалар үйі), кейін Ташкен балалар үйінде тәрбиеленіп, орта мектепті, одан кейін Ташкен педагогика училищесін рабфакын аяқтап, Ташкен облысының жоғарғы Шыршық орта мектебінің бастауыш мұғалімі (1939-1940 ж.ж.), Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының өз ауылындағы Э.Тельман атындағы толық орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарған.Википедияда оқып, мұғалімдік қызмет бастаған жері Өзбекстан деп көрсетілген. Н.Ильясовтың балалық, бозбалалық шағын Ташкентте өткізгеніне дау айта алмаймыз, ол туралы уақытында оның марқұм ұлы Ренат та әңгіме барысында айтқан болатын.
Ал Қызылорданың Тереңөзегінде туып, сонда бастауыш мектепте оқып, әскерге алынған Ж.Нүрсейтов неліктен өзбекстандық батырлар қатарына қосылғандығы бізге белгісіз. Өзбек жағының Ж.Нүрсейтовты ешбір негізсіз, дәлелсіз, құжатсыз Өзбекстанның Киров совхозында жұмыс істеді деуі ешбір қисынға келмейді. Ресми деректерге сәйкес Ж.Нүрсейтов 1923 жылы 9 мамырда Қазақ КСР-ның Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Құрайлы ұжшарында (Шіркейлі ауылында) туған. Қызыл Армия қатарына 1942 жылы шақырылды. Ол кеңес әскері қатарына 1942 жылы шақырылып әскери борышын 155 атқыштар дивизиясына қарасты 486 атқыштар полкы құрамында Ахтырка қаласы, Киев облысы мен Днепр өзенінен өту кезіндегі ерліктері, соғыстан кейін Киров совхозында жұмыс істегені көрсетілген. Википедия-ашық энциклопедияда оның Ташкен балалар үйінде тәрбиеленгендігі, педагогика училищесінде оқығандығы дерек көрсетілмеген.
Ғаламтор деректеріне сәйкес Өзбекстан жағының кеңес үкіметі кезінде Ж.Нүрсейтов дүниеге келді деген Киров атымен Ташкен облысы Чиназ ауданында колхоз аталған, ал Чимкент (қазіргі Түркістан) облысында Киров атында кейін қайта аталған Майлыошақ, Казыбек би Ақбұлақ, Өргебас, Жібек жолы, Асық ата ауылы-винсовхоз Абай аталған бірнеше колхоз болған. Ж.Нүрсейтовке қатысты жинақталған деректерде оның Өзбекстан мен Шымкент облысына қатыстылығы, яғни оның онда дүниеге келгендігі, тұрғандығы, оқығандығы, жұмыс істегендігі, әскерге алынғандығы туралы басқа деректер жоқ.
Енді батырларымызға қатысты біздің қолымызда бар деректерге тоқталып өтейік. Олар туралы толық ақпарат жинау үшін бірнеше кітаптарды, ғаламторды пайдалануға тура келді. Кеңес одағының қазақстандық батырлары туралы жобаның бас редакторы Қуанғанов Ф. пен бас ғылыми редакторы ТҒД-ы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясы мен Ресей жаратылыстану академиясының академигі С.Ф.Мажитовтың, (рецензенттер ТҒД-ы, профессор Л.Т. Қожакеева, ТҒД-ы Л.Н.Нұрсұлтанова), СҒД-ы, доцент Г.К.Кульжанова, ТҒД, профессор, академик, ТҒК-ы Ш.С.Сұлтанбеков, құрастырушы авторлар ТҒК-ы С.И.Айкозов, ПҒК-ы Ф.К.Атабаева, ТҒК-тары К.Н.Балтабаева, С.У.Бақтыоразова, С.А.Қожкеновтің 2 томдық "Герой Великой Победы" (Астана-Алматы), Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен шығарылған "Герой-Казахстанцы" қысқа библиографиялық анықтама 1937-2016 (Алматы, "Қазақ университеті", 2020) құрастырушы запастағы полковник Қ. Жадықов (рецензенттер Абжанов Х. ТҒД, Д.Абраимов ӘҒД), "Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары: Энциклопедиялық жинақ" (Бас редактордың орынбасары Н.Мауытов, Алматы: "Өнер", 2010), үйімдегі бай кітапхана қорында сақталған "Қызылордалық қаһармандар" мерейтойлық жинақ (редакциялық алқа Қ.Көшербаев, С.Шаухаманов, Қызылорда ОАК,2015, "Полиграфия"), «Өзбекстандағы қазақтардың тарихы және бүгінгі дамуы» атты, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен (авторлары Қ.Қобландин, Г.Меңдіқұлова, 2009 ж. Алматы қ.) шығарылған кітаптарға, Википедия-ашық энциклопедия, Бүкілресейлік Федеральдық ұлттық істері» қоғамдық ұйымының «Ресей қазақтарының Федеральдық Ұлттық-мәдени автономиясының» «ЕЛ БАТЫРЛАРЫ» халықаралық патриоттық интернет-жоба сайтының «Жить вечно» парақшасына, т.б. ғаламтор деректеріне жүгіндім.
Тек Бүкілресейлік Федеральдық ұлттық істері» қоғамдық ұйымының «Жить вечно», "Ел батырлары" патриоттық интернет жоба сайтының парақшасында Ж.Нүрсейтовтың әскерге 1942 жылы Ташкен облысының Орта-Шыршық АӘК-мен алынғандығы туралы жарияланған. КСРО Әскери-Теңіз-Флотының Халық комиссары флот адмиралы Н.Кузнецовтың бұйрығына сәйкес 24.04.1944 ж. С-16 сүңгуір қайығы аталған Жаппасбай батырымызға қатысты кітаптар мен ғаламтор парақшаларында, басқа да деректерде оның Қызылорда облысында туып, өсіп, соғысқа аттанып, кейін елге оралғандығы, Өзбекстанға ешқандай қатысы жоқ екендігі анық көрсетілген. Менің ойымша "Жить вечно" сайты Ж.Нүрсейтовты ешбір негізсіз өзбекстандық деп Н.Г. Березняк кітабынан алынып, таратылған ақпарат секілді. Сондықтан оның өзбекстандық батырлар қатарынан орын алуы түсініксіз жайт.
Бұл тақырыптың жалғасы қазақстандық, қазақтан шыққан кеңес одағы батырларына қатысты басқа да қызықты деректерді ұсынсақ.
Жоғарыда көрсетілген кітаптарда қазақ-өзбек ағайынды екі елдің тарихына енген ортақ бірнеше кеңес одағының батырларының есімдері көрсетілген. Олардың қатарында Қазақ КСР Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған ұлты қазақ, Мақаш Балмағанбетов бар. Соғыстан кейін Қарақалпақстанға қоныс аударып, Нүкіс қаласында тұрған.Осыған байланысты ол өзбекстандық, қазақстандық батырлар тізімінде бар.
Келесі батырымыз ұшқыш, гвардия аға лейтенанты Біліс (Плис) Нүрпейсовтың ата-анасы Қарақалпақстанға Қазақстаннан көшіп барғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұрын тек жақын ағайындарына ғана белгілі болып келген ұланымыздың ұлты қазақ екені бізге 2015 ж. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында белгілі болған. "Қызылордалық қаһармандар" мерейтойлық жинағы мен одан бұрын шығарылған жинақтарда оның есімі кіргізілмеген болатын. Википедия-ашық энциклопедияда деректеріне сәйкес ол Қарақалпақстанда (тағы бір деректерде Ақтөбе облысында) туған. Батырдың Қызылорда қаласында тұратын туысқандарының айтуы бойынша ол Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған. Ағайындары Қызылорда облысында тұрып, 1930 жылдары діни қайраткер, көтеріліс басшысы Ақмырза Төсұлы ишанның кеңес үкіметіне қарсы көтерілісінен кейін Қарақалпақстанға (мүмкін Ақтөбе арқылы) көшіп барған болар. Сондықтан да оны өзбекстандықтармен қатар, қызылордалықтар мен ақтөбеліктер де өз батыры қатарына кіргізген.
Әйтеуір өзағаңдармен даңқты жерлестеріміз М.Балмағанбетов пен Б.Нүрпейсовтың ұлты қазақ деп көрсетілгеніне шүкіршілік танытайық. Өзі батыр, өзі ұшқыш, Ұлы Жеңіс қарсаңында Берлин түбінде қаза болған қандасымыз ұшқыш батырлары жоқтың қасы Өзбекстан батырлары статистикасын толықтыратын еді. Әйтпесе түркістандық Расул Есетов пен қарақалпақстандық Иноят Наурызбаев сияқты ұлты өзбек болып жазылып кетпегеніне кім кепіл. Р.Есетовтың соғысқа алынатын жасқа толмай Түркістан әскери комиссиариятына қайта-қайта барып жүргенде қалалық комсомол комитетінің нұсқаушысы, құжаттарын реттеп, жасын ұлғайтып, соғысқа жіберген көршісі, ұлты өзбек жігітінің оның ұлтын өзбек қылып жаздырғанын соғыстан кейін білгендігін, көптеген мекемелердің есігін тоздырып, әрең дегенде өзінің қазақ екенін дәледеп шыққаны туралы кезінде БАҚ-тарда жарияланған болатын.
Сыртынан ұлты өзбек болып жазылып кеткен қарақалпақстандық Иноят Наурызбаев өзінің ұлты қазақ екенін билік орындарын аралап жүріп, 90 жылдардың аяғында дәлелдеді. Википедия –ашық энциклопедияда оның ұлты өзбек болып келді, кейін қазақ деп өзгертілді. Н. Иноятовтың өзбектен қазақ болу жолындағы сергелдеңі кезінде БАҚ-тарда жарияланды. Төлқұжатындағы ұлтын ұлтын өзгертпеу туралы ұсыныстарын қабылдамаған қайсар мінезді батырымыз ештеңеге қызықпай бұл өмірден өтті.
Р. Есетов пен И.Наурызбаев тірі күндерінде қазақ екенін өздері дәлелдеп, Р.Есетов Қарқаралыдағы, И.Наурызбаев Ақтөбедегі ағайындарының артынан іздеп барып, танысып, араласып үлгірді. Батыр ұландарымыздың есімдерін, ерліктерін кейінгі ұрпақ білуі тиіс.Бұл елімізде жастарды патриоттық тәрбиелеуге, ұлттық идиологиямызды қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын.
Кез келген ұлт болмасын атақты адамдарға таласатыны белгілі ғой.Белгілі кеңес әскери басшысы, екі Қызылту, Суворов, II-дәрежелі Кутузов, 1-дәрежелі Богдан Хмельницкий ордендерінің иегері 37 гвардиялық атқыштар дивизиясының даңқты командирі С.Рақымовтың ұлтына қатысты Ұлы Отан соғысы аяқталғалы бері басталған көптеген пікірталас, дауларға нүкте қойылған секілді.Өзбек жағы оны қазақ деп жариялауымызды үнсіз қабылдап, ешқандай ресми қарсылық ақпарат таратпаған секілді.
Википедия-ашық энциклопедеяға сәйкес болашақ батырымыз 8 жасқа келгенде әкесінен айрылып, қыйын балалық шағын Ташкенде жоқшылықпен өткізген. Тұрақты баспанасы болмай, әртүрлі жұмыстар істеген. Википедиядағы оның этникалық тегіне тоқталып өтсек. Кеңес кезінде ресми өмірбаяндарында, әдеби оқулықтар мен ресми құжаттарда С.Рақымовтың туған жері Ташкен қаласы, ұлты өзбек болып саналып келді.
Бірақ, кейін оның Оңтүстік Қазақстанда туып, Ташкенде қыйын қыстау заманда барған ұлты қазақ екендігі туралы хабар тарады. Оның қазақ екені дәлелденгеннен кейін Википедияда оның туған жері ретінде бұрын көрсетіліп келген Ташкен қаласы тұсына кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібелі елді мекені қосымша енгізілді. Генералдың некеде жоқ жұбайы Құралай Натуллаева мен ұлы Роман Рахимовтың, Ташкентте тұрған анасының ағалары Төлеген мен Азизмат Каримовтардың, немере апасы Лутфи Оспанкулованың естеліктері бойынша оның ұлты қазақ, өзбек болып қате жазылған.
"Алғашқы қазақ" немесе "алғашқы өзбек" генералы аталуы үшін ҰОС-ның аяғында-ақ көрші екі бауырлас халық арасындағы басталған талас кеңес үкіметі тарқап, егемендікке қол жеткізгеннен кейін республика ұлттық, партия элитасы мен интелегенциясы арасында қыза түсті. Ташкенде өзбек нағашысы Рақымның қолында өскен, көршілері "қазақ Сабыр" атап кеткен болашақ генерал бір құжаттарда қазақ, тағы бір құжаттарда өзбек болып көрсетіліп келді.Өзбектер "өзбек", қазақтар "қазақ" деп атаған Сабыр Рақымовтың бүгінде қазақ екендігіне ешкім шүба келтірмейді.
Өзбекстан тарихшылары, жазушылары, зерттеушілерінің тырысуымен өзбек-қазақ батырлары атанған төмендегі азаматтар майданда өшпес ерлік істеп, денелері мәңгілікке ұрыс даласында қалды. Олар қазақстандық өзбектер, Шымкент (Түркістан) облысының азаматтары Ирисбеков Құрманбай (Құрбантай) (1943 қаза болған), Рустемов Таштемір (1944 ж.қ.б.), Садықов Ботабай (1943 ж. қ. б.), Хусанов Зиямат (1944 ж.қ.б.), өзбекстандық қазақтар Матросов ерлігін қайталаған Қарақалпақстанда туып, Түрікменстанда өсіп, жұмыс істеп, әскерге Ташауыздан алынған Қалдықараев Жұмағали (1944 ж. қ.б.), Бостандық ауданында туған Қарақұлов Жұман (1944 ж.қ.б.), лейтенант, янгиюлдік Уразов Ильяс, (1945 ж.қ.б.), андижандық Шакиров Астанқұл (1945 ж. қ.б.), ақмолалық, тағы бір деректерде солтүстік қазақстандық Филипп Нижурин (1945 ж. қ.б.).
Олар әрине қаза болғаннан кейін екі елдің батырлары атанатынын, тіпті кейбіреулері олардың есімдерінің таласқа түсетінін білген жоқ. Олардың кейбіреуінің Өзбекстанда туып, өскендігі, оқып, әскерге алынғандығы туралы деректер бізге Н.Березняк кітабы, ғаламтор арқылы ғана жетіп отыр. Ал Қазақстанда туып, өскен кейбіреуінің Өзбекстанда уақытша тұрған, тұрмағандығы бүгінгі күні әлі белгісіз болып тұр.
Ал енді Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, кеудесіне "алтын жұлдыз" тағып, Өзбекстан тарихшылары арқасында екі елдің батыры атанып, еліне аман-есен оралған азаматтарымызға тоқтасақ.
«Ер жігіттің қадірін Ағайын білмес, жат білер» демекші батырларымыздың бірқатарының Өзбекстан тарихымен байланыстылығы туралы деректер жеткілікті.Біреулері Өзбекстанда оқыды, қызмет істеді, соғыстан кейін арнайы шақырумен қоныс аударды. Олар ұлты өзбектер алматылық Лутфуллин Сульга, жамбылдық Фаязов Михаил (Мамашариф) Гиясович, павлодарлық (тағы бір деректерде солтүстік қазақстандық) Степан Ильин соғыстан кейін Өзбекстанға қоныс аударған. Ташкеннің Бостандық ауданының тумасы (1956 ж. Өзбекстан құрамына берілген) тәжік Хакимов Алим соғыстан кейін туған жеріне аман-есен оралып, қызмет етті.
Талай қазақ баласы оқыған, кеңес үкіметінің алғашқы жылдары Алаштың бірнеше ұлдары қызмет істеген, жалпы адам баласының мекен етуіне өте қолайлы, қысы жұмсақ, мамыражай, адамның өмір-сүруіне ыңғайлы, жеміс-жидектің барлық түрі өсетін, бағасы арзан Өзбекстан астанасы Ташкен оңтүстіктің аса ірі орталығы болған арзан қала кеңес одағының кез-келген адамын қызықтырып келді.Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де жалпы азаматтар қатарында "нанды қалаға" кеңес батырлары да жаппай қоныс аударуға асығуы түсінікті.
Қызылорданың Қазалысында туып, жұмыс істеген Ташкен жаяу әскер училищесінің түлегі, полковник Шляпин Геннадий Фадеевич, соғысқа дейін Ташкен мұғалімдер институтын аяқтаған түркістандық өзбек Юлдашев Файзуллабек соғыстан кейін өзбек жеріне қоныс аударды.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей бірқатар батырларымызды өзбекстандық батырлар қатарына жатқызуға қатысты дәлелдейтін құжаттар жеткіліксіз.Демек олар негізсіз Өзбекстан батырлары қатарын толықтырып отыр.Қазақстанда туып, өскен ұлты өзбек батырлардың Өзбекстан тарихымен байланыстырылуы түсінікті, қалыпты жағдай.
"Ер туған жеріне", «Су тасыса-көліне, Ер тасыса-еліне» демекші Жизақта туған қазақ Қауымбаев Тоғанбай соғыстан кейін Алматы Заңгерлер мектебін аяқтап, қызмет істеп кейін өмірінің соңын Шымкентте өткізді. Ақтөбе облысының тумасы, ұлты молдаван Гринько Иван Устинович соғысқа дейін аздаған уақыт Ташкен облысында тұрса да соғыстан кейін Оралға қоныс аударды. Самарқаннан әскерге алынған өскемендік Шарабарин Николай Александрович соғыстан кейін туып, өскен жеріне оралды. Соғысқа дейін Қарақалпақстанда тұрып, әскерге аттанған атыраулық Махорин Иван Федорович соғыстан кейін Қызылордаға қоныс аударып, еңбек етті. Өзбекстан деректері оны соғыстан кейін Қарақалпақсанға қайтып оралды деп есептейді. Екі елдің батырларына жатқызылған қазақстандықтар, Алматы облысының Ұзын-Ағашының өзбегі Д.Бабажанов пен сайрамдық өзбек Хусанов Зиямат (Өзбекстан деректерінде Ташкенде өскен), соғысқа Самарқаннан алынған өскемендік Шарабарин Николай Александрович соғыстан кейін өздерінің туған жерлеріне батыр болып, аман-есен оралып, халық шаруашылығын көтерді. Оңтүстік Қазақстанның Қызылқұм ауданында туған А.Алимбетов (өзбек деректерінде Бостандық ауданының Хумсан қышлағында туған) соғыстан кейін Қызылорда, Талдықорған, Гурьев (Атырау) облыстарында ДОСААФ комитетінің төрағасы лауазымын атқарып, абыроймен зейнетке шығып, бейбіт күнде қаза болды.
«Ер атағын ел сақтар» деген дана қазақ. Егемендікке қол жеткізгелі тарихшыларымыз, зерттеушілеріміз, әскери мамандарымыз Өзбекстанда, Түрікменстанда, Ресей мен Украинада туған, өскен ондаған батырларымыздың қазақ екенін дәлелдеп, қазақстандық, қазақ кеңес одағының батырлар тізімі толықтырылғаны көңіл көншітеді. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта да жалғасуы тиіс. Өмірден өткен белгілі адамдардың артында қалған жары, туыстары, іздеушісі болса ол туралы шындық ашылады, оның өмірі, ерліктері жарыққа шығады.
Бұл зерттеулермен қатар Қазақстанда туған, тұрған, кейін әртүрлі жағдайларға байланысты көрші елдерге қоныс аударған, олардың құрамына кірген аудандарда туған, тұрған азаматтар туралы деректер жинадым. Өзбекстан, Ресей қалаларында әскери училищелер мен әскери жыйындарда оқуда, болған батырлармен толықтыруға бағытталған еңбектерім өз нәтижелерін берді деуге болады. Құжаттарды зерттеу барысында қалың өзбек орналасқан жерлерден шыққан бірнеше азиат тектес азаматтардың ұлты көрсетілмегендігін байқадым, қосымша зерттеуді қажет етеді.
Ұлты қазақ, қазақстандық кеңес одағының батырлары туралы зерттегенде бұрын Қазақ КСР аумақтық бөліністеріне кірген қазақ елімен тікелей тарихи байланысы бар жерлерден шыққан батырларды ұмытпауымыз керек. Қарақалпақстан автономиялық Республикасының Қазақстан құрамында болған 1920-30 жылдары онда туып, өсіп, қызмет істеп, кейін майданда кеңес одағының батыры атанған азаматтар да Қазақстандық батырлар қатарын толықтыруы тиіс.
Олай болса Ташкеннің Янгюлінде туып, өсіп, сол жерден әскерге аттанған Чариков Михаил Павлович, Қарақалпақстанда оқып, қызмет етіп, Төрткөл АӘК-мен әскерге алынған украиндық капитан Чепурин Филипп Федорович, ресейлік Симанов Александр Михайлович, қарақалпақ ұлтының өкілі Абдуллаев Орынбай қазақстандық кеңес одағының батырлары қатарына енгізілуі қажет. Егерде батырлар түгендеуде өзбек ағайындар тәсілін қолдансақ онда Қырғыз (Қазақ) кеңес республикасының 1920-1925 жылдары астанасы болған Орынборда туып, өсіп, орта мектеп аяқтаған (Орынбор әскери училище түлегі Ю.Гагарин, қазақстандық тізімге енгізілген Авдеев Н., қазақ Ұ.Ақбауовты есептемегенде) 235 батырды қазақстандық батырлар тізіміне енгізуге болады.
Қазір қазақ зерттеушілерінің арқасында 14 қазақстандық, оның 13-і қазақ (А.Ахметов, А.Кабдулов, Ж.Джумашев, Г.Постольников, Б.Джетпысбаев, И.Сулейменов, А.Мендыгалиев, Ж.Рахметов, С.Рустамбеков, К.Ахметов, И.Суюнбаев, С.Қалиев, Қ.Куктаев, Т.Абдыбеков) кеңес одағының батырына ұсынылса да оларға бұл ең жоғарғы атақ берілмеген. Бұл тізім алдағы уақытта толықтырылады деп ойлаймын.
Қардай борап тұрған оқтың астынан Рейхстаққа өрмелеп, алғашқы болып ту тігіп, тек славян, грузин ұлтты болмағаны үшін батыр атағы берілмген Рақымжан ағамыздың ерлігін бүгінде Ресей тарихшылары мойындай бастады. "Курск доғасында" көрсеткен ерліктері үшін марапатқа ұсынылып, кейін соғыста із-түссіз жоғалып кеткене қарағандылық төрт қазақ қыздарынан құралған жалғыз танк экипажы туралы дерек енді жариялана бастады. Соғыстар тарихында әйел танк жауынгерлері арасында тек 13 славяндық әйелдер есімдері ғана аталып, олардың қатарында аруымыз есімдері аталмайды. Өйткені 1931-33 ж.ж. жаппай ұжымдастыру барысында олардың әке-шеше, бауырларын бұлар жан-тәнімен қорғаған кеңес билігі қазаға ұшыратқан болатын.
Тарихи деректерге көз салсақ 615 (2015 ж. есеп бойынша) қазақстандықтарға (оның 109-ы қазақ ұлтының өкілдері, кеңес кезінде 96 болатын) кеңес одағының батыры атағы берілген. Википедия-ашық энциклопедеяға сәйкес өзбекстандықтар мен өзбек халқы арасынан да жеткілікті батырлар шыққанын жақсы білеміз. ҰОС кезінде 280 өзбекстандыққа (қазір 301, оның 69-ы өзбектер) "кеңес одағының батыры" атағы берілген. Майда сөйлеп, жылдам бауырласып кететін, не нәрсені болса да өзіне сіңіріп, ие болудың шебері өзбек халқының қасиеттері белгілі ғой. Өз елінің батырлар санын көбейту бағытында да олар осы қырларынан көрініп жүр.
Қазақстанда туып өскен бірнеше өзбек ұлтты азаматтардың ата-бабаларының тарихи отанына көшуін Өзбекстан КСР басшыларының батырлар санын көбейту үшін оларға жеңілдіктер қарастырып, тұрмыстарын түзеу үшін арнайы шақыртулар ұйымдастыру нәтижесі болар.
Қазақстанда Мақтарал ауданының Асықата кентінде туып өскен ұлты қазақ Тасқұлов Қалыбай соғыстан кейін Ташкен облысына қоныс аударған. Өзбек деректерінде ол Бостандық (тағы бір деректерде Янгиюлде) ауданының Ақсақ ата ауылында туған. Бұл жерде қарама-қайшылық бар.Асық ата бұрыңғы Киров, қазіргі Жетісай ауданына қарайтын ауыл.Өзбекстан деректерінде көрсетілген Бостандық ауданының Ақсақ ата ауылын ғаламтордан табуға мүмкіндік болмады.Соғыстан кейін екі елдің батыры атанғандар, Шыршықтан әскерге алынған ақтөбелік капитан Пятковский Иван Максимович Киевке, Бегаваттан әскерге шақыртылған көкшетаулық Ильин Степан Петрович, жамбылдық (Тараз) өзбек Фаязов Михаил Гиясович, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанда жауапты қызметтер атқарған семейлік Новиков Василий Корнеевич соғыстан кейін Өзбекстанға қоныс аударды. Бұрын Қазақстан құрамында болған Бостандық ауданының Брич-Мулла қышлағында дүниеге келген, ұлты тәжік, екі елдің батыры атанған Хакимов Әлім де соғыстан кейін Ташкенде жауапты қызмет атқарған.
Қазақстан билігі кезінде өзбекстандықтардай елден тыс жерде тұрған қазақ батырларын елге шақырғандығы туралы деректер кездестірген жоқпын.Менің білуімше батырларымыз уақытында биліктегілермен еленіп, бағаланып, марапатталған жоқ.
Кеңес төңкерісінен кейін жаңа үкіметтің солақай саясатынан халқының жартысынан айрылып, тоз-тоз болған әрісі ауған, Иран, қытай, моңғол асқан, берісі Ресей,қарақалпақ,тәжік,қырғыз, түрікмен, кавказ асқан қазақтың батыр ұл-қыздары жаумен аянбай соғысып, ерліктің үлгісін көрсетті. Мәскеу мен Ленинградты, Сталинградты қорғаған, орманда жүріп немісті ойраңдаған, жаудың басты ұясы болған Рейхстагқа ең алғашқы болып ту тіккен, бірі ұшақпен жау шебін талқандаса, бірі жанған ұшағын неміс қару-жарақ, техникасы, әскері тиелген жау эшелонына бағыттап жойып, өз өмірін қиды.
Қай халық болса да, қашанда славяндар, еврейлер, қытайлар, ағылшын, немістер Ұлы адамдарға таласатыны белгілі ғой. Аз ғұмырының көбісін сыртта өтуі себепті қандастарымыздың өзбекстандық, қарақалпақстандық саналуы әрине заңдылық. Бірақ, олардың есімдері әуелі қазақ батырлары ретінде әуелі Қазақстан тарихына енулері тиіс қой. Одан кейін олар туған, өскен елдері тарихына енгізілуін түсінуге болады. Өзбекстан тарихшыларының республикадан шыққан батырлар санын көбейту арқылы өзбек елінің ҰОС-ғы ролін арттырып, кеңес одағы республикаларымен, әсіресе Қазақстанмен бақталастыққа түсіп, батырлар үлес салмағын арттырып, айрықша етіп көрсетпекші болғанымен байланыстыруға болар еді. Олардың тек кейбіреулері ғана екі елдің батырлары болып қала беруіне келісуге болады. Қазақтың батыр ұлын өзбек қылып жазылғандығын қалай түсінуе болады?
Иә қыйын-қыстау заманда біраз қазақ баласына Өзбекстан, оның ішінде Ташкен пана болды, сол киелі қаланың, халқының арқасында қазақ ұландары аман қалып, соғысқа аттанып, батыр болып оралды. «Батыр –ортақ, бақ-жалқы» деп бекер айтылмаған болар. Қыйын-қыстау заманда елден жырақ кетіп, көрші өзбек елінде аштықтан аман қалып, мектеп аяқтаған ұланды тек Қазақстанға тиесілі деу әділетсіздік болар. Көрші ел, ағайын да ол батырларды өз батыры, отандасы деуге құқы бар екендігі белгілі.
Кеңес заманында бұл батырларымыз туралы жазылмады, айтылмады.Соңғы кездері шығарылған бірнеше кітаптарда батырларымыз туралы толық қамтылған, алдағы шығатын кітаптарда батырларымыз жаңа есімдермен толығады деген үміттемін. "Өлі разы болмай тірі байымайды" дейді дана қазақ.Алдағы уақытта әскери комиссияриаттар арқылы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің тізімдері, әскери жыйын, қысқа командирлер курсы, әскери училище курсанттарының, қоныс аударушылар тізімдері арқылы қазақ батырларын іздестіруді жалғастыру қажет. Ресей,Украина, басқа да бұрыңғы кеңес республикаларында туып, өскен тектері бұрмаланып орыс, алтайлық, украиндық болып жазылған батырларымыз туралы тың деректер шығады деп үміттенемін.
Бұрын Рақымжан ағамыздың Рейхстаққа алғашқы болып ту тіккенін мойындамаған, соңғы кезде панфиловшылардың Мәскеуді қорғап қалғанын жоққа шығарып жатқан, жалпы түркі, басқа да халықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлестерін жоққа шығарып жатырған шовинистік идеологиясымен әбден милары уланған соғыста жеңіске жеткен тек орыс халқы деп сандырақтап жүрген солтүстік көршіміздің кейбір азаматтарының заңсыз іс-әрекеттеріне Кремль тыйым салмай келе жатыр. Быйылдан бастап "Мәңгілік полк" шеруіне тыйым салынуына байланысты елімізде әртүрлі славян қозғалыстары тарапынан қарсы үгіт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мүмкін бұрыңғы кеңес одағына кірген республикалар сияқты "Жеңіс күні" мемлекеттік мереке атын "II-дүние жүзілік соғысы құрбандарын еске алу күні" деп өзгертерміз. Олар басқа халықтардың, әсіресе түрік, мұсылман халықтарының Ұлы Жеңіске қосқан елеулі үлестерін білулері керек.
Хұсайын Асанұлы Қоразбаев
Заңгер-журналист. Полиция полковнигі.
Ақпарат саласының үздігі.